ТӨРЕСІ ЕДІ ЖІГІТТІҢ | «Айқын» газеті

0

Адамзаттың қас дұшпаны – арсыз ажал қастандығын тағы танытты. Сарыарқаның сақылдаған сары аязыдай жүректі қарып, жаныңды жарып Арқалықтан жеткен қайғылы хабар өмірдің тәтті, тағдырдың қаттылығын тағы бір мәрте естен тандыра еске салып аяулы Дос, ақиық, ақылман Азамат Мұса Кеңбейіловтің пәниден бақиға аттанғанын жеткізді. 

Адамзаттың алыбы, сұңғыла суреткер Лев Толстой «Ұмытпа! Сен өмір­­дің тұрғыны емес, жолаушысы ғанасың» деп еді-ау. Соны білсек те ескере бермейтін пенделігіміз-ай. Тым суыт, қымқуат кезеңде тағдыр кешіп көп нәрсеге жете көңіл бөле алмай жатамыз. Жақыныңа айтар жан жылытар жақсы сөзді дер кезінде айта алмай да қаласың. Өмір ғой…
Мұсамен сонау балдан тәтті бала­лық шақтан жұбымыз жазылмаған Доспыз. Аманкелді орта мектебіне де бірге бардық, әл-Фараби универси­те­тін­­де де бірге оқыдық. Ол – физик, мен журналист дипломын да қатар алдық.
Мұса Алматыда, университетте қалатын мүмкіндігі бола тұра туған жерге ту тікті. Бүкіл сыналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнады. Зейнетке шыққанға дейін Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінде дәріс оқыды.
Ұстаз болу – өзіңді аямау, шәкірт­теріңді аялау. Өзін аямай жастарды аялаған ол ұлағатты ұстаз бола алды.
Бар сырыңды жайып салған жасыңнан,
Кім бар қымбат бала күнгі досыңнан?!
Жаны жайсаң жан досымды – Мұсаны,
Арсыз ажал алып кетті тосыннан.
Енді, міне, өзім ауру, өзім қарт қыс­тың көзі қырауда «барайын десем, жер шалғай, бармайын десем ел қандай?» деп егіліп, еңіреп, етегім жасқа толып дәрменсіз күй кешіп күйзеліп отырмын….
Бақытыңнан айырылсаң,
Досың қалар қасыңда.
Ал досыңнан айырылсаң,
Сен бейбақсың расында, – деп еді-ау Шығыстың ұлы шайыры Қожа Хафиз. Біздің қазіргі хал – осы. Қайғылы адам жұбаныш іздейді. Сол жұбаныш Мұса­ның өмірдегі ізгі іздері, соңында қалған жары – Мадина, ұлдары Алмас пен Бағлан.
Мен құдай емеспін,
Қолынан бәрі келетін.
Көп пенденің бірімін,
Алла ісіне көнетін.
Мен құдай емеспін
Құдай болсам егер мен.
Ұлымды да досымды,
Сұм ажалға бермес ем.
Қайғы жұтып, қан құсып,
Тірі өлік болып жүрмес ем.
Мен құдай емеспін…
Қайтейін, қайсыбірін, қайсыбірін айтайын…
Мұса Досым жігіттердің сұлтаны,
Құлай сүйген ұлтының ол ұлтаны!
Қош бол, қоштасуға қимайтын,
Жаны жайсаң, жалы биік бауырым!
Алдың пейіш, артың кеніш болсын!

Сәбит ДОСАНОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Дереккөз: Айқын

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз