Атырауда «Jas Sarbaz» атты әскери-спорттық интеллектуалды эстафета өтті

0

Алғаш рет желтоқсанның 21 мен 22 аралығында Атыраудағы «Мұнайшы» стадионында әскери-патриоттық клубтар арасында (10-11 сынып оқушылары мен 1-2 курс колледж студенттері) «Jas Sarbaz» атты әскери-спорттық интеллектуалды эстафета өтті деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

атырау

Аталған іс-шараны Атырау облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен Атырау аймақтық дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығы жанындағы Алғашқы әскери дайындық кабинетімен бірлесе отырып ұйымдастырды. Жарысқа қала мен аудандардан  іріктелген 9 команда қатысты (шамамен 150 ұл-қыздар).

Командаларға сәттілік тілей келген дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығының директоры Сәдіржан Жекенов осындай әскери-патриоттық шараларды ұйымдастырудың жастар үшін маңызы зор дейді.

атырау

«Елімізде әскери саланы дамытуға, оған жастарды тартуға жеткілікті көңіл бөлініп келеді. Өскелең ұрпаққа отаншылдық тәрбие беруде, жігерлі жастарды тәрбиелеуде осы әскери-патриоттық клубтардың орны ерекше деуге болады. Сіздерге бүгінгі сайыста сәттілік тілеймін. Облыстық, республикалық, халықаралық сайыстарда облысымыздың абыройын асқақтата беріңіздер», — деді  Сәдіржан Жекенов.

Әскери-спорттық интеллектуалды эстафета командалық және жекеше спорт түрлерінен өтті.

Эстафета қатысушылары келесі жарыс түрлерінен сайысқа түсті:

спорттық (секіру, жорғалау);

интеллектуалды (компьютер сұрағына жауап беру)

АК-74 автоматын бөлшектеу және жинақтау;

алғашқы медициналық көмек көрсету;

жалпыәскери қорғаныс киімі мен газ тұмшаларын кию.

атырау

«Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында Қарулы Күштеріндегі әскери қызметті насихаттау, әскери қызметке деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын ұстану»,-деп толықтырды Атырау облысының ҚІД баспасөз қызметі.

Эстафета қорытындысы бойынша бірінші орынды иеленген Жылыой ауданынан «Намыс» клубы. Сондай-ақ, үштікке ілінген жеңімпаздар қатарына Атырау қаласы №27 мектебінің «Сарбаз» командасы мен Исатай ауданынан «Қорғаныс» командасы. Жеңімпаздарға кубок тапсырылып, әрбір ойыншы медаль және грамоталармен марапатталды.

«Қамшы» сілтейді