Таиландта премьер-министр қытығына тиген сұрақ үшін журналистерге антисептик шашты (видео)

0

Таиланд премьер-министрі Прают Чан-Оча баспасөз конференциясы кезінде оғаш қылық танытты. Ол сауал қойған журналистерге антисептик шашты.

Мұның алдында премьер-министрге министрлер кабинетіндегі ауыс-түйістер туралы сауал қойылған. Осы сұрақ шенеуніктің қытығына тиген сияқты. Ол алдыңғы қатарда отырған журналистерге залалсыздандыратын құралды шашты.

Жанындағы көмекшісі оны тоқтату үшін әрекет етіп еді, онысынан түк шықпады. Осылайша Прают Чан-Оча БАҚ өкілдеріне өз істерімен айналысуға кеңес берген. Нead topics басылымының жазуынша, шенеунік өзінің ақылға қонымсыз әрекеттерімен танымал.

Бұған дейін журналистермен сөйлесу кезінде Прают Чан-Оча тілшілердің бірінің құлағынан ұстап, тіпті операторлардың біріне бананның қабығын да лақтырған екен.

Айта кетсек, бұрын әскер қолбасшысы болған Прают Чан-Оча 2014 жылы төңкеріс кезінде үкіметті орнынан тайдырған. 2019 жылы наурызда өткен парламенттік сайлаудан кейін өзі үкімет басшысы болып тағайындалды.