Таразда түсірілген видео: Кейіпкер үйіне тұз үйіп, қарғыс айтады

0

Әлеуметтік желіде үйіне тұз үйіп қойған әйелдің видеосы тарап кетті. Көршілері әйелдің психикалық ауытқуы бар екенін айтып, оған қатысты шара қолдануды сұраған.

Полиция департаменті тараздықтың әрекетіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды kznews.kz сайты Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

Видеода ер адам үйдің ішін түсіріп жүр. Бөлмеде тұз үйіліп жатыр. «Мына тұзды қай жақтан алдыңыз?» деп сұрағанда үйдің иесі сатып алдым дейді.

«Бізде көршіге қатысты бір проблема бар. Ол психикалық диспансерде тіркеуде тұр. Зейнетақы алады. Сол ақшаға тұз, ішімдік пен темекі сатып алады. Сосын күні-түні қарғыс айтумен айналысады. Бармаған жеріміз жоқ. Бұл проблема шешілмей жатыр. Туған-туыстары да байланысқа шықпайды. Осы үйде тұратындар балалар үшін қорқады», — делінген видео анықтамасында.

Қалалық полиция департаменті ол әйелдің Ұлбике ақын көшесінде тұратынын растады. Алайда көршілер тарапынан ешқандай арыз түскен жоқ дейді.

«102-ге ешқандай арыз түспеді. Иә, ол психикалық диспансерде тіркеуде тұр. Ауруы бар, бірақ тыныш жүреді. Бұрын қала орталығында тұрған. 3-4 жыл бұрын туған-туыстары Ұлбике ақын көшесінен пәтер алып берген. Сол жерде жалғыз өзі тұрады», — дейді полицейлер.

Видео түсірілген күні учаскелік инспекторлар өздері сол үйге барды. Онда тұратын әйел қайтадан психикалық диспансерге жабылды.