Белгісіз қазан, дәрі толы құмыра, құпия шөп: Қытай қазағы кеденді дүрліктірді

0

Дуа десе, кім де болса шошиды. Ал соған қатысты құрал-жабдықтарды шекарада көрсе, құзырлы органдар жер астынан жік шыққандай, аяғынан тік тұрмақ.

Байырғы ұлттық қалыпты сақтап қалған қытай қазақтары тамыр басу, дуа жасау, тұмса табиғат аясынан жиналған түрлі шөптен шипалы дәрі дайындау секілді дәстүрлі емге әлі күнге жақын тұратыны белгілі. Қазақы емдеу тәсілдерінің біразы шың еліне дарыған және бүгінде әлемге Қытай медицинасының құрамдас бөлігі ретінде ұсынылып жүр.

36 жасар Тамаша Жұмағұл Қытай Халық Республикасында дүниеге келген. Бірақ ол өзінің және ұрпағының сенімді болашағы тек Қазақстанмен байланысты екенін түсінеді. Сондықтан 2014 жылы отбасымен атамекенге оралған. 2018 жылы Қазақстан азаматтығына қолы жетіп, аңсаған көгілдір төлқұжатты қалтасына салды. Қазіргі кезде Түркістан облысының Ордабасы ауданында тұрып жатыр. Қазақ жерінде дүниеге келген, 2014 жылы туылған қызы және 2018 жылғы сәби ұлы бар.

Әлгі оқиғаның қалай болғанын өзі былай баяндады:

«2019 жылғы 10 сәуірде өзім тұрып жатқан ауылда отырып, Қытайдан 6 дана қазанымды, адам ағзасына суық тиіп, ауырған кезде қолданатын, 20 қорап және 10 құмыраға толтырылған, әртүрлі шөп сығындысынан жасалған қыздыратын сұйықтықтарды және өзім істейтін дәрі-дәрмекті алдыртып едім. Ол заттарды Жаркентте тұратын Ардақ деген әйел кісі «Қорғас» халықаралық сауда орталығынан Қазақстан жағына өткізіп беруге көмектесетін болды», – дейді ол.

Барлық елде тыйым салынған есірткі емес, жарылғыш зат емес. Алайда қазақстандық заңды білмегендіктен, мұндай заттарды мүлдем өткізбейтінін білмепті. Нәтижесінде, заңға қайшы іс-әрекет орын алған.

Құтыларды рентген арқылы қараған кеденшілер оның барлығын дереу тәркілейді.

«Мұның бәрі қасақана жасалмаған. Жасырын алып өтейік дегендіктен емес. Білместіктен болып отыр. Аталған заттардың тағдыры не болғанын осы уақытқа дейін білмеймін. Оларды не істегендері туралы Кеден қызметкерлерінің шешімі немесе сот шешімі маған да, оны алып өтпек болған Ардаққа да хабарланбады. Бәлкім, ол заттарым осы күнге дейін «Қорғас» кеден бекетінің қоймаларында шаң басып жатқан болуы мүмкін», – дейді Т.Жұмағұл.

Осыдан үміттенген ол билік органдарына қайтадан сұрау салып, кеденшілерден барлық затын заңды жолмен не заңдастырып, өзіне қайтарып беруді өтінеді.

Әйткенмен, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев емші қазақты жазаламай болмайды дегенге келтіріп отыр.

«2019 жылдың 10 сәуірінде, кешкі 18 сағат 50 минутта «Қорғас ШЫХО» кеден бекетінде шекара қызметкерлері мен кеден қызметкерлері біріге отырып, аталған жүкті ұстады. Оны кедендік бақылаудан өткізу кезінде «Rapiscan» рентген аппараты қолданылды. Нәтижесінде 6 қораптың ішінде темір қазан-кастрөлдерде әлдебір жаңа, шығу тегі белгісіз дәрілік препараттар табылды. Сондай-ақ оларды елімізге жасырын түрде, контрабандалық жолмен кіргізбек болған Қазақстанның азаматы Ардақ Н. ұсталды. Ол азаматша кедендік бақылаудан өту кезінде тек «6 қорапқа салынған темір кастрөлдерді әкеле жатқанын» ауызша мәлімдеген екен. Алайда ол құтылардың ішінде дәрілік препараттардың болғаны туралы айтпаған», – дейді М.Сұлтанғазиев.

Оның түсіндіруінше, «Қазақстандағы кедендік реттеу туралы» кодексінің «Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу кезінде тыйым салулар мен шектеулерді сақтау» деп аталатын 32-бабына сәйкес осы одақ тыйым салатын дәрілік препараттарды елге әкелуге рұқсат етілмейді.

«Әкелінген дәрілік препараттардың рұқсат құжаттары жоқ болып шықты. Сол себепті олардың ЕАЭО аумағына әкелінуіне тыйым салынады. Осыған байланысты кеден кодексінің 52-тарауына сәйкес, аталған тауарларды «Қорғас ШЫХО» кеден бекетінің қызметкерлері ұстап алды. Тиісінше, былтырғы 11 сәуірде ұстау туралы хаттама толтырылған», – дейді бас кеденші.

Қазақы емге қажет ол заттардың кейінгі «тағдыры» не болды?

Құтылар мемлекеттің қолында екен. Дегенмен, қатулы кеденшілер қандасты жазаламай құтқармауға бекініп отырғанға ұқсайды.

«Қазіргі уақытта ұсталған тауарлар «Алтынкөл» темір жол бекетіндегі «Жібек-Жолы» ЖШС-ның уақытша сақтау қоймасына орналастырылған. 6 қорап темір кастрөлдерді заңды түрде қайтарып алу үшін Тамаша Жұмағұл кеден бекетінің басшысына жазбаша түрде өтініш білдіруі керек. Содан кейін ол былтырдан бері тауары уақытша сақтау қоймасында сақталғаны үшін жиналған төлемді төлеуге тиісті. Бұдан бөлек, ол белгісіз дәрілік препараттарды заңсыз жолмен Қазақстанға әкелгені үшін әкімшілік айыппұл төлеуі қажет», – деп түсініктеме берді Мемкірістер комитетінің басшылығы.

Осы жазасын «өтеген» соң қандасқа әрине, тек қазан, кәстрөл, құмыралары ғана қайтарылмақ. Ал әртүрлі шөп сығындысы, қыздыратын сұйықтықтары және өзі істейтін дәрі-дәрмегі жойылуға тиіс.

Екі шылбыр, бір тізгінін басыбайлы Мәскеу ұстап отырған Еуразиялық одақ қазақы емді, оның рецепті мен элементтерін бұл ғасырда заңдастыра қояр ма екен?! Ендеше абай болмаса, әлі талай қандас ұсталатынға, жаза тартатынға ұқсайды.

Жанат Ардақ

inbusiness.kz