Қоғам

"Жұмыстан әскерге сүйреп алып кеткен": Қорғаныс министрлігі мән-жайды түсіндірді

"Жұмыстан әскерге сүйреп алып кеткен": Қорғаныс министрлігі мән-жайды түсіндірді
Фото: видеодан алынды

Желіде қызметтік форма киген адамдардың жас жігітті жұмыс орнынан күшпен шығарып, медициналық комиссияға алып кеткені туралы видео пайда болды. Қорғаныс министрлігі осы жайтқа пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Астанадағы сауда орталықтарының бірінде бірнеше ер адамның полицейдің сүйемелдеуімен жас жігітті күштеп алып кеткен сәтінен видео тараған еді. 

Жарияланым қазақстандықтар арасында үлкен резонанс тудырғандықтан, журналистер әскерге шақырылушыларды тікелей жұмыс орнынан алып кету заңды ма деген сұрақ қойды.

Қорғаныс министрінің орынбасары Қаныш Әбубәкіровтың айтуынша, қарулы күштер ешкімді күштеп әкетпейді. Биыл Қазақстанда әскерге шақырылушыларды SMS-хабарлама арқылы шақыру ресми түрде бекітілген.

"Біз SMS-хабарламаны заңдастырдық. Мұндай хабарлама алғаннан кейін әрбір шақырылушы жергілікті қорғаныс істері жөніндегі департаментке келіп, медициналық комиссиядан өтуге міндетті", - деді ол Мәжіліс кулуарында.

Абубәкіровтың айтуынша, бұл талапты тек заңды орындаудан жалтаратындарға қатысты шара  қолданылады.

"Азаматтық міндетін орындаудан қасақана бас тартатын, қашатын азаматтар бар.Соларды біз Ішкі істер министрлігіне жолдаймыз. Ішкі істер министрлігі оларды жеткізеді. Әр азамат Отанын қорғауға міндетті", - деді ол.

Вице- министр ең басты принцип заңдылық екенін айтты.

"Біз бірге мемлекет құрып жатырмыз. Ең басты құндылық  заң мен тәртіп. Ол заңды түрде шақырту алды, оны орындауға тиіс. Келуден бас тартқан адам қасақана бұзушы болып саналады. Хабарлама алғаннан кейін шақырылушы 10 күн ішінде келуі керек", - деді Әбубәкіров.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz