Қорғаныс министрлігі: Қазақстандықтар неліктен әскерге барудан қорқады?

Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдиновтың пікірінше, жастар жайлы өмірге, еркіндікке және тұрақты күн тәртібіне үйреніп қалған. Сондықтан өмірлеріндегі өзгерістер оларды қорқытады, дейді ол.
Журналистер әскерде өлім жағдайлары тіркелетінін атап өтті. Мүмкін, сарбаз болудан қорқу да осы себептен шығар.
«Білесіздер ме, адамдар тек Қарулы күштерде ғана қаза таппайды. Өкінішке қарай, мектептерде де, балабақшаларда да, жол-көлік оқиғаларында да көз жұматындар бар. Сондықтан бұл мәселеге ғана назар аударудың қажеті жоқ. Статистика бар, арнайы формат бар – қазіргі кезде Қарулы күштерде мұндай жағдайлардың айтарлықтай азайғаны байқалады», – деп жауап берді Сұлтан Камалетдинов.
Ол әлеуметтік желілерде әскерге шақырылушыларды көшеде ұстап жатқаны туралы жарияланымдарға да пікір білдірді.
Сұлтан Камалетдиновтың айтуынша, ҚР Конституциясында әскери қызметтің ерікті түрі көрсетілмеген, керісінше бұл – әр азаматтың міндеті және борышы.
«Егер ол бұл міндетті орындамаса, онда заң ол азаматқа қатысты жұмыс істеуі тиіс», – деді ол.
Оның сөзінше, егер азаматтар өздеріне заңсыз әрекет жасалды деп есептесе, онда сотқа жүгінуге толық құқылы.