Қазақстанның Халық әртісі, белгілі әнші Нұрғали Нүсіпжанов жүрегіне операция жасалғанын хабарлады, деп жазды kznews.kz.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында отадан кейінгі жағдайы туралы жазып, өмір жолында талай сынақты бастан өткергенін айтты.
«Бұл өмір – сынақ. Біреулер сол сынақты жылап көтерсе, екіншілер шыдап көтереді. Тағдыр жолым тақтайдай тегіс емес екенін жалпақ жұртқа жария етпесем де, көп жайтты елдің іші сезеді. Көкірегіне күйік толған, кейде жанған, кейде тоңған адаммын. Жаратқан Ием шыдамдылығымды шыңдай түскендей, өмір бойы талай сынақтан өткізді», – деп жазды әнші.
Нұрғали Нүсіпжанов уақыттың жазбайтын жарасы жоқ екенін, алайда көңілде өткен күндердің ізі қалатынын айтты. Сондай-ақ сыналған сәтте сүйенгені Алла мен халқы болғанын жеткізді.
Өнер иесі жүрегіне ота жасап, денсаулығын қалпына келтіруге көмектескен дәрігерлерге ерекше алғыс білдірді.
«Отаның оңайы жоқ. Жүрегіме операция жасап, “киелі сахнаңызға қайта оралыңыз” деп маған екінші өмір сыйлаған дәрігерлерге ақ басымды иіп тұрып алғыс айтамын», – деді ол.
Әншінің жазбасы әлеуметтік желіде кең тарап, оқырмандар мен өнерсүйер қауым оған саулық тілеп, сахнаға тезірек оралуына ниет білдіруде.