Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысынан айырылған азаматтарға көрсетілетін қолдау шараларын түсіндірді. Олардың қатарында жаңа жұмыс іздеу, қайта даярлау курстарынан өту, біліктілікті арттыру және жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктері бар. Ал әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан азаматтар белгілі бір талаптарға сай болса, жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем ала алады, деп хабарлайды kznews.kz.
Жұмыссыз ретінде қалай тіркелуге болады?
Мемлекеттік қолдауға қол жеткізу үшін алдымен жұмыс іздеуші ретінде тіркелу қажет. Ол үшін азаматтар тұрғылықты жеріндегі Мансап орталығына бара алады немесе eGov.kz электрондық үкімет порталы мен Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы өтініш бере алады.
Өтініш беру кезінде білімі, кәсіби дағдылары, еңбек өтілі және іздейтін жұмысының түрі туралы ақпарат көрсетіледі.
Мансап орталығының мамандары азаматқа сәйкес келетін бос жұмыс орындарын ұсынады және қолжетімді мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңес береді. Егер лайықты жұмыс табылмаса, азамат заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес жұмыссыз ретінде тіркеле алады.
Қандай бағдарламаларға қатысуға болады?
Азаматтың білімі мен кәсіби тәжірибесіне қарай оған бірнеше қолдау түрі ұсынылуы мүмкін. Олардың ішінде:
жаңа мамандықты меңгеру немесе біліктілікті арттыру;
«Жастар практикасына» қатысу;
субсидияланатын жұмыс орындарына орналасу;
кәсіп бастауға бағытталған бағдарламаларға қатысу;
жұмысқа орналасу мақсатында ерікті түрде қоныс аудару.
Бұл шараларға қатысу әр бағдарламаның талаптарына байланысты жүзеге асырылады.
Жұмысынан айырылғандарға әлеуметтік төлем қалай беріледі?
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан және тиісті талаптарға сай азаматтар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты төлем ала алады. Ол жұмыс іздеу кезеңінде жоғалған табыстың бір бөлігін өтеуге арналған.
Министрлік мәліметінше, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік төлемді алудың ең ұзақ мерзімі алты айдан үш айға дейін қысқарады. Төлемнің нақты ұзақтығы азаматтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады.
Төлем мөлшері әлеуметтік аударымдар жүргізілген табыс пен сақтандыру жүйесіне қатысу өтілін ескере отырып есептеледі. Оның ең жоғары мөлшері ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінің 45 пайызынан аспайды.
Жұмысынан айырылған азаматтар қолдау шаралары туралы толық ақпаратты тұрғылықты жеріндегі Мансап орталығынан немесе Enbek.kz электрондық еңбек биржасынан ала алады.