KZNEWS.KZ
Сараптама

Жауапсыздық па, дәрменсіздік пе: әкімдер бюджет қаржысын неге бақылай алмай отыр?

Фотоиллюстрация: Kznews.kz

Қалыптасқан ахуалды сынға алған Президент жемқорлықтың мемлекеттік компанияларда белең алуын аса күрделі жағдай деп бағалап, заң алдында ешкімнің артықшылығы жоқ екенін ескертті. Мемлекет басшысы тиісті органдарға заңсыз әрекеттерді жедел тексеруді, жемқорлықты азайту жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді, бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын бақылауды және мемлекеттік нысандардың сапасына қатаң талап қоюды тапсырды. Бұл талап бірінші кезекте аймақтарға қатысты болуға тиіс.

Жалпы, Президент сынаған жағдай өңірлердегі бюджет қаржысына қатысты заң бұзушылықтардан да көрініс тауып отырғанын ашық айтуымыз керек. Мысалы, біз Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облысы бойынша деректерді іздеп, салыстырып көрдік. Бұл екі аймақта кейінгі 2-3 жылдың көлемінде анықталған қаржы жымқыру, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану фактілері мен мемлекетке келтірілген залал көлемі және оған жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігіне қатысты мәселе Президент айтқан талаптар тұрғысынан саралануға жатады.

Осы уақыт кезеңіндегі есеп-қисапқа жүгінсек, Алматы облысындағы бір аудан бойынша ғана жемқорлықтан келген залал 1 млрд теңгеден асқан екен. Яғни, экс-әкім Марат Сұлтанғазиев облысты басқарған кезеңде өңірде бюджет қаржысын жымқыру, мемлекеттік тапсырысты заңсыз пайдалану және лауазымдық өкілеттікті теріс пайдалану фактілері бойынша бірқатар резонансты қылмыстық істер қаралыпты.

Соның ішінде Іле ауданындағы білім бөлімі мен бұрынғы аудан әкімінің істері ерекше назар аудартады. Ашық деректерде жарияланған жеке-жеке істердеші залалдың жиынтық сомасы 1 млрд 24 млн теңгеден асады. Дегенмен, оның барлығы бюджеттен ұрланған ақша емес екенін ашып айтайық, бір бөлігі бюджет қаражатына келтірілген залал болса, енді бірі экологияға келтірілген зиян ретінде тіркелген көрінеді. Есептесек, 686 млн теңгелік қаржы қылмысы Іле аудандық білім бөлімінің басшысы Ләззат Кәткеева мен жеті бухгалтердің ісі бойынша анықталған. Олар нақты жұмыс істемеген адамдарға жалақы аудару арқылы бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталған-ды. Оның ішінде Кәткеева 8 жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды деген ақпарат бар. Ең сорақысы, сот материалдарында ол көлік жүргізушісін мектеп-гимназияға жалған жұмысқа орналастырып, 4,9 млн теңге жалақы төленуіне жол бергені де көрсетілген.

Ал 204 млн теңгелік іс Іле ауданының бұрынғы әкімі Бағдат Қарасаевтың экологияға келтірілген залалына қатысты екен. Сот оны қоқыс полигонға қатысты заңсыз әрекеттері мен кәсіпкерлік мүддеге араласуы және қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін 3 жыл 3 айға бас бостандығынан айырды. Мұнан бөлек, осы аудандағы тағы бір іс - 134 млн теңгелік құқық бұзушылық бойынша жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік білім беру тапсырысын рәсімдеу кезінде жалған құжаттарды пайдалану дерегі бар. Іс бойынша сегіз адам сотталып, бюджетке үлкен көлемде залал келгені анықталған. Сотталғандардың барлығы мемлекеттік қызметші болмағанымен, бұл іс мемлекеттік тапсырысты бақылау жүйесінің осалдығын көрсетеді.

Осы жеке-жеке үш істің жалпы сомасы 1 млрд 24 млн теңгеден асады екен. Оның 820 млн теңгеден астамы білім саласындағы бюджет қаражатына қатысты екі іс бойынша келтірілген залал болса, қалған 204 млн теңгесі экологиялық зиян ретінде анықталған.

Екіншіден, Шығыс Қазақстан облысында да мемлекет қаржысының жұмсалуына қатысты анықталған заңбұзушылықтардың көлемі аз емес екен. Мысалы, 2026 жылдың басынан бері экономикалық қылмыстар бойынша мемлекетке 2,1 млрд теңге залал келгені анықталып, өтелгені туралы ақпарат жарияланды. Бұл тергеу барысында анықталған экономикалық қылмыстар бойынша ғана мемлекетке қайтарылған қаражат көлемі екен. 

Сонымен қатар, мемлекеттік аудиттің 2025 жылғы тоғыз айдағы қорытындысы өңірдегі қаржылық тәртіптің проблемаларын көрсетіп бергендей. Ішкі мемлекеттік аудит департаменті 34 рет сәйкестік аудитін жүргізіп, 4,55 млрд теңге болатын қаржылық бұзушылықты анықтаған. Оның 872,83 млн теңгесі бюджет кірісіне өтелуге тиіс болған. Бұған қоса, 4,43 млрд теңге көлемінде рәсімдік бұзушылық тіркелген. Аудит нәтижесінде 2,96 млрд теңгенің қаржылық бұзушылығы жойылып, 33 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған, 29 адам әкімшілік жазаға ұшырап, 8,9 млн теңге айыппұл салынған.

Әрине, бұл жерде аудит анықтаған 4,55 млрд теңгенің барлығын қазынадан ұрланған ақша деуге болмайды. Дегенмен, мемлекеттік мекемелердің бюджет қаражатын пайдалану кезінде миллиардтаған теңге көлеміндегі заң талаптарын бұзуы аймақтағы қаржылық бақылау жүйесінің тиімділігіне күмән келтіреді.

Айтпақшы, анықталған қылмыстық істер бойынша да мемлекетке нақты залал келтірілген мысалдар жеткілікті. Мәселен, "Өскемен әуежайы" компаниясының бұрынғы басшылығына қатысты тергеу барысында қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану, мүлікті жымқыру және қаржылық операциялар арқылы заңсыз әрекеттер жасау фактілері қаралған. Сот кінәлілерді соттап, мемлекетке келтірілген 157 млн теңге залалдың өтелуін қамтамасыз етті. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша бөлінген мемлекеттік қолдау да заңсыз айналымға түскені анықталыпты. Мысалы, облыстағы бір шаруа қожалығының басшысы жалған құжаттарды пайдаланып, 374 млн теңгеден астам субсидияны заңсыз алған. Сот оған 6 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Осы жерде әуежайдағы 157 млн теңге мен заңсыз алынған субсидияның 374 млн теңгесін қоссақ, екі істің өзінде 531 млн теңгеден астам қаражаттың қолды болғаны анық.

Жалпы, биыл Шығыс Қазақстанның жол саласы да жемқорлық күдігімен назарға ілікті. Жыл басында Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы пара алу және қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану күдігімен ұсталды. ҰҚК мәліметінше, ол жол құрылыс компаниялары мен автобус парктерінің өкілдерінен 134 млн теңге заңсыз сыйақы алған деген күдікке ілінген. Тінту кезінде оның үйінен 121,9 млн теңге және 97,7 мың доллар табылған. Өскемендегі Шнайдер көпірінің опырылуы да инфрақұрылым сапасына қатысты резонанс тудырған оқиға болды. Жөндеуге шамамен 600 млн теңге жұмсалған нысанның қайтадан істен шығуы құрылыс сапасы, мердігердің жауапкершілігі және бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуы туралы мәселені қозғайды. Бұған қоса, облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Жақсылық Омардың пара алу және алаяқтық бойынша алты жылға сотталуы әкімдік командасының кадрлық сенімділігіне қатысты сұрақ туғызды. Сот материалдарында автокөлікке қатысты 13 млн теңге шығын және 20 млн теңге пара талап ету эпизоды қаралған.

Бұл жағдай облыс басшысы Нұрымбет Сақтағановтың кадр таңдау, ішкі бақылау және әкімшілік жауапкершілік мәселесінде тыңғылықты бола алмай отырғанын білдіретіндей.

Тоқетерін айтқанда, мемлекет бюджетіне түсетін әрбір теңге халықтың игілігіне қызмет етуге тиіс. Алайда, бюджет қаржысын жымқыру, жемқорлыққа жол беру, мемлекеттік қаражатты тиімсіз жоспарлау мен негізсіз шығындарға ұшырату әлі де өзекті мәселе болып отыр. Тіпті, бұл тұрғыда кейбір облыс әкімдері дәрменсіздік танытатын сияқты.

Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін әлеуметтік салаға бөлінген триллиондаған теңгенің алаяқтардың қолына түсіп жатқанын мысалға алып, мұндай кеселді түп-тамырымен жою қажеттігін айтқан.

Күні кеше де Мемлекет басшысы бюджет бағдарламаларын толық қайта қарауды, тиімсіз шығындарды қысқартуды, мемлекеттік инвестициялардың тиімділігін арттыруды, қаржының бөлінуі мен жұмсалуын ашық бақылауды тапсырды. Сондай-ақ, Тоқаев бюджетті жылдың соңында асығыс игеру үшін негізсіз жобаларға ақша шашу тәжірибесін де жиі әрі қатаң сынға алады.

Демек, Президенттің бұл талаптары аясында өңірлердегі жемқорлық фактілері, мемлекетке келтірілген залал және бюджет қаражатын пайдалануға жауапты лауазымды тұлғалардың жауапкершілік мәселесі күн тәртібінен түспеуі керек.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.
Автордың басқа материалдары →