Еліміздегі стратегиялық маңызы бар вольфрам кен орындарын игеру жобасының қаржылық келешегіне күмән туған сияқты. Бұған дейін жобаға 1,6 миллиард долларға дейін қаржы бөлу мүмкіндігін қарастырған АҚШ-тың мемлекеттік қаржы институттары қазір оны мақұлдауға асығар емес. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, америкалық тарап жобаның коммерциялық тиімділігіне және Қазақстанның Ресей мен Қытай арасындағы геосаяси орналасуына қатысты тәуекелдерді қайта бағалап жатыр екен.
Жалпы,бұл жағдай еліміз үшін жай ғана инвестициялық келісімнің тағдыры емес-ті. Өйткені, жоба бұған дейін АҚШ-тың Қытайға тәуелділікті азайту стратегиясының маңызды бөлігі ретінде көрсетіліп, оған Дональд Трамп әкімшілігінің өзі қолдау білдіргені туралы жазылған болатын. Бұл туралы біз де қалам тартқан едік. Енді саяси деңгейдегі қолдау мен мемлекеттік қаржы институттарының нақты шешімі арасында алшақтық пайда болған сияқты.
Bloomberg агенттігінің 10 - қарашадағы жарияланымына сәйкес, АҚШ-тың Экспорттық-импорттық банкі - EXIM Bank пен Халықаралық даму қаржы корпорациясы - DFC Қазақстандағы Cove Kaz Capital Group компаниясының вольфрам жобасын қаржыландыруға әзірге келісім беруге әлі дайын емес. Бастапқы жоспар бойынша EXIM Bank 900 миллион долларға дейін, ал DFC 700 миллион долларға дейін қаржы бөлу мүмкіндігін қарастырған. Қаржының жалпы сомасы 1,6 миллиард долларды құрайды.
Алайда, қазірге дейін бұл қаражатты бөлу туралы түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Ал 2025 жылы берілген екі қаржы институтының қызығушылық хаттары несие беруге міндеттеме жүктемейді екен. Олар тек жобаны қаржыландыру мүмкіндігін алдын ала қарастыруға дайындықты білдірген.
Bloomberg мәліметінше, DFC өкілі корпорацияның қазіргі уақытта Cove Kaz Capital компаниясымен мәмілені белсенді түрде қарастырып жатпағанын растаған. Ал EXIM Bank-тің бастапқы қызығушылық хатының мерзімі 2026 жылғы тамызда аяқталған. Компания оны ұзарту жөнінде өтініш білдіргенімен, банк бұл мәселеге қатысты түсініктеме бермеген көрінеді.
Мұнан бөлек, АҚШ қаржы институттарын алаңдатып отырған екі негізгі мәселе бар екен. Біріншісі -жобаның коммерциялық тиімділігі мен инвестицияның қайтарылуы болса, екіншісі - Қазақстанның Ресей мен Қытайға көршілес орналасуынан туындайтын геосаяси тәуекелдер екені айтылуда.
Демек, бұл жерде "Вашингтонның стратегиялық есебі өзгерді ме?" деген сауал туады. Яғни, мәселенің геосаяси астарына назар аудару қажет. Өйткені, қазақ топырағынан алынатын вольфрам кені қорғаныс өнеркәсібі, авиация, машина жасау және жоғары технологиялық өндіріс үшін маңызды металл саналады. Оның жоғары температураға төзімділігі мен беріктігі зымырандар, артиллериялық оқ-дәрілер және әскери техника өндірісінде ерекше маңызға ие.
Ал қазіргі уақытта әлемдік вольфрам нарығында Қытайдың ықпалы басым. Сондықтан АҚШ үшін бұл металл жай ғана өнеркәсіптік шикізат емес, ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс өндірісінің тұрақтылығына тікелей қатысы бар стратегиялық ресурс саналады. Демек, Вашингтонның Қазақстандағы кен орындарына қызығушылық танытуы да осы саясатпен байланысты болғаны анық. Өйткені, АҚШ Қытайдан келетін стратегиялық шикізатқа тәуелділігін азайтып, балама жеткізу тізбегін қалыптастыруға мүдделі.
Айтпақшы, 2025 жылы америкалық Cove Capital мен Қазақстанның "Тау-Кен Самұрық" компаниясы Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты кен орындарын игеру жөнінде келісімге келген болатын.Келісім аясында америкалық тарап бірлескен кәсіпорынның 70 пайыз үлесін иеленсе, қазақстандық тараптың үлесі 30 пайыз болып белгілен-ді. Келісімге АҚШ әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілдері де атсалысқаны туралы Bloomberg бұған дейін жазған. Осылайша, жоба екі ел арасындағы стратегиялық экономикалық ынтымақтастықтың бір көрінісі ретінде ұсынылды. Бірақ, геосаяси қолдаудың болуы инвестициялық тәуекелдерді жоймайтынын қазіргі жағдай көрсетіп отыр. АҚШ үшін Қазақстан Қытайға балама шикізат жеткізуші болғанымен, географиялық тұрғыдан Ресей мен Қытайдың ортасында орналасқан мемлекет. Бұл жағдай Вашингтонның инвестициялық есептерінде қосымша факторға айналуы мүмкін.
Мұнан бөлек, жобаның айналасындағы тағы бір маңызды мәселе ретінде Дональд Трамптың отбасы мүшелерінің бизнеске қатысы да қарастырылып жатқан сияқты. Bloomberg және The Wall Street Journal басылымдарының бұған дейінгі жарияланымдарында АҚШ президентінің қос ұлы - кіші Дональд Трамп пен Эрик Трамптың жобаға байланысты компаниялардағы жанама инвестициялық мүдделері сөз болған. Атап айтқанда, олармен байланысты инвестициялық құрылымдардың Kaz Resources атауымен қор нарығына шығуға дайындалып жатқан бизнеске қатысы бар. Компанияның мәлімдеуінше, Трамптың ұлдары бизнесті басқаруға араласпайды. Олардың Қазақстандағы келісімге тікелей ықпал еткені туралы да дәлел жарияланған жоқ.
Дегенмен, бұл жағдай АҚШ-та мемлекеттік қаржыландыру мен президент отбасының жеке бизнес мүдделері арасындағы ықтимал мүдделер қақтығысы мәселесін күн тәртібіне шығарған сияқты.
Бір анығы, Трамп отбасының жобаға жанама қатысы бар екені мемлекеттік қаржының міндетті түрде бөлінуіне кепілдік бермейді. Керісінше, мұндай байланыс мемлекеттік институттар үшін мәміленің ашықтығы мен тәуелсіз бағалануын одан әрі маңызды ете түседі.
Тоқетерін айтқанда, бұл жобаның Қазақстан үшін экономикалық маңызы зор болып отыр. Алайда, оның тиімділігін тек шетелден тартылатын инвестиция көлемімен өлшеуге болмайтынын АҚШ тарапының әрекеті көрсетіп бергендей.
Жалпы, Солтүстік Қатпар мен Жоғарғы Қайрақты кен орындарын игерудің жалпы құны бастапқы бағалаулар бойынша 1,1 миллиард доллар шамасында есептелген. Жоба аясында кен өндірумен қатар, Қазақстан аумағында вольфрамды өңдейтін өндіріс орнын салу да қарастырылған-ды. Алдын ала бағалау бойынша, жоба толық қуатына шыққан кезде әлемдік вольфрам өндірісінің 15 пайызына дейін қамтамасыз ету міндеті орындалмақшы-тын. Өндіріс 2030 жылы басталып, ал АҚШ нарығына ұзақ мерзімді жеткізілімді 2031 жылдан жолға қою жоспарланған болатын. Дегенмен, жобаны мүлдем тоқтады деуге әлі ерте.
Cove Kaz Capital компаниясының басшылығы Bloomberg-ке берген түсініктемесінде америкалық мемлекеттік органдардың жобаға қолдау білдіруді жалғастырып отырғанын мәлімдеген. Компанияның атқарушы төрағасы Пини Альтхаус ресми қаржыландыру өтінімін түпкілікті техникалық-экономикалық негіздеме 2027 жылы аяқталғаннан кейін беруді жоспарлап отырғанын айтқан. Оның сөзінше, әзірге компанияға қарыз қаражаты қажет емес.
Яғни, бұл түсініктеме жобаның тоқтатылғанын білдірмейді. Дегенмен, АҚШ-тың мемлекеттік қаржы институттарының қазіргі ұстанымы бастапқыда жарияланған 1,6 миллиард долларлық қолдаудың нақты қаржыландыруға айналатынына кепілдік жоқ екенін көрсетеді.
Қысқасы, АҚШ-тың Қазақстандағы вольфрам жобасына қатысты ұстанымындағы саяси қолдау мен қаржылық шешімнің арасында айырмашылық байқалды. Вашингтон Қытайға тәуелділікті азайтуға мүдделі болғанымен, мемлекеттік қаржы институттары инвестицияның тиімділігі мен геосаяси қауіптерді жеке бағалауға көшкен сияқты.