19 қарашаға дейін жалғасатын шараға отандық және шетелдік ғалымдар, журналистер, баспагерлер, дизайнерлер мен IT саласының мамандары қатысуда, деп хабарлайды kznews.kz.
ҚазҰУ-дың Журналистика факультеті ұйымдастырған халықаралық мектептің басты мақсаты – жасанды интеллектінің журналистика, баспа ісі және шығармашылық индустрияға ықпалын талқылап, жаңа технологияларды кәсіби қызметте тиімді пайдаланудың жолдарын үйрету.
Іс-шараның ашылуында Журналистика факультетінің деканы Ысқақ Егембердиев жасанды интеллектінің медиа саласына әкелген мүмкіндіктерімен қатар, оның жауапкершілік мәселесін де алға тартты.
«Медиа мамандарының алдында екі маңызды міндет тұр. Біріншісі – жаңа технологияларды кәсіби деңгейде меңгеру, екіншісі – дәстүрлі журналистиканың негізгі қағидаттарын сақтай отырып, сапалы әрі сенімді ақпарат тарату», – деді Ысқақ Егембердиев.
Декан сондай-ақ қазақ тіліндегі сапалы контентті көбейту, ұлттық әдеби мұраны заманауи форматта насихаттау және отандық баспа өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды екенін атап өтті.
Халықаралық мектептің ашылуында Түркі әлемі журналистер федерациясының президенті Мендерес Демир, Баспа, полиграфия және кітап тарату ұйымдары қауымдастығының төрағасы Әділ Қойтанов және Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы директорының орынбасары Толқын Салменбаева да сөз сөйледі.
Бағдарлама аясында қатысушылар жасанды интеллект арқылы мәтін редакциялау, иллюстрация мен анимация жасау, электронды және аудиокітаптар әзірлеу, кітап дизайнын жетілдіру және цифрлық платформаларда контентті насихаттау тәсілдерін меңгереді.
Сонымен қатар авторлық құқық, журналистік этика, медиасауаттылық, фактчекинг және жасанды интеллект көмегімен жасалатын жалған ақпаратпен күрес мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Халықаралық мектепке Ұлыбритания, Канада, Түркия және Гонконгтан келген сарапшылар қатысып, өз тәжірибелерімен бөліседі.
ІІ Халықаралық күзгі мектеп 19 қарашада қорытындыланып, қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталады.