Ulytau Hub алаңында 10–14 жас аралығындағы балаларға арналған бес күндік IT-лагерь өз мәресіне жетті. Танымдық әрі тәжірибелік форматта ұйымдастырылған лагерь жасөспірімдердің цифрлық сауаттылығын арттырып, заманауи технологияларға деген қызығушылығын оятуға бағытталды, деп хабарлайды kznews.kz.
Бес күн бойы қатысушылар ақпараттық технологиялардың бірнеше бағыты бойынша білім алып, алған дағдыларын іс жүзінде қолданды. Балалар жасанды интеллект, графикалық дизайн, бағдарламалау және көпшілік алдында сөйлеу негіздерімен танысты. Сабақтар теориямен шектелмей, тәжірибелік тапсырмалар, шығармашылық жобалар мен командалық жұмыстар арқылы жүргізілді.
Лагерь бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі – жасанды интеллект болды. Қатысушылар AI технологиясының қалай жұмыс істейтінін, оның күнделікті өмірде, білім беру, медицина, өнер және басқа да салаларда қалай қолданылатынын білді. Сонымен қатар жасанды интеллект құралдарының көмегімен түрлі идеяларды жүзеге асырып, мәтін, сурет және бейнематериалдар әзірлеуді үйренді.
Дизайн сабақтарында балалар Canva платформасымен және заманауи AI құралдарымен жұмыс істеді. Олар әлеуметтік желілерге арналған визуалдар, таныстырылымдар, бейнероликтер мен шығармашылық жобалар дайындады. Бұл бағыт қатысушылардың қиялын дамытып, өз идеясын көрнекі әрі түсінікті түрде ұсынуға мүмкіндік берді.
Бағдарламалау сабақтары да жасөспірімдердің ерекше қызығушылығын тудырды. Балалар бағдарламалар мен ойындарды құрудың негізгі қағидаларын меңгеріп, қарапайым алгоритмдер құрастыруды үйренді. Тәжірибелік тапсырмаларды орындау барысында олар логикалық ойлау, мәселені кезең-кезеңімен шешу және өз идеясын цифрлық өнімге айналдыру дағдыларын дамытты.
Лагерьде техникалық біліммен қатар, қатысушылардың коммуникациялық қабілеттеріне де назар аударылды. Публичные выступления бағыты бойынша балалар аудитория алдында еркін сөйлеуді, өз жобасын таныстыруды, ойын нақты жеткізуді және қойылған сұрақтарға жауап беруді үйренді. Бұл дағдылар олардың өзіне деген сенімділігін арттырып, топпен жұмыс істеуіне көмектесті.
Бес күндік лагерьдің қорытынды кезеңі Demo Day форматында өтті. Финалдық іс-шарада қатысушылар лагерь барысында әзірлеген жобаларын таныстырып, алған білімдері мен жаңа дағдыларын көрсетті. Әрбір бала өз идеясын ұсынып, оны жүзеге асыру жолдары туралы айтып берді.
Demo Day балалар үшін тек қорытынды таныстырылым ғана емес, өз еңбегінің нәтижесін көпшілікке көрсетуге мүмкіндік берген маңызды тәжірибе болды. Қатысушылар бір-бірінің жобаларымен танысып, пікір алмасты және жаңа бастамаларға шабыт алды.
IT-лагерь балаларға технологияларды тек дайын күйінде пайдалануға ғана емес, олардың көмегімен өз өнімдерін жасауға болатынын көрсетті. Қатысушылар бес күн ішінде жаңа білім алып, түрлі цифрлық құралдарды меңгеріп, алғашқы жобаларын әзірледі.
Ulytau Hub алдағы уақытта да балалар мен жасөспірімдердің цифрлық дағдыларын дамытуға, шығармашылық және инженерлік ойлауын қалыптастыруға бағытталған білім беру жобаларын жалғастыруды жоспарлап отыр. Осындай бастамалар өңірдегі талантты жастарды қолдап, олардың болашақ мамандығын саналы таңдауына және IT саласына алғашқы қадамын жасауына мүмкіндік береді.