Клуб 2026 жылғы маусымды турнир кестесінің ең соңғы сатысында аяқтады. Ал өңір басшылығы мен клуб жетекшілерінің футболды дамыту бағытындағы жұмысы енді үлкен сұрақ туғызады, деп хабарлайды kznews.kz.
Бүгін Қазақстан Премьер-лигасының 2026 жылғы маусымы мәресіне жетті. 30 турға созылған чемпионат қорытындысында Шымкенттің «Ордабасы» клубы ел чемпионы атанса, Алматының «Қайраты» күміс, елордалық «Астана» қола жүлдені иеленді.
Алайда биылғы чемпионаттың ең үлкен сәтсіздіктерінің бірі Қызылорданың «Қайсар» клубына тиесілі болды.
Жаңа стадион бар, нәтиже жоқ
Қызылордада футбол инфрақұрылымын дамытуға көңіл бөлініп, жаңа стадион салынды. Команда құрамын күшейту үшін шетелдік ойыншылар да тартылды. Мұндай мүмкіндіктер клубтың Премьер-лигадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруы тиіс еді.
Бірақ футболдағы нәтиже әдемі стадионмен немесе легионерлердің болуымен ғана өлшенбейді.
«Қайсар» 30 турдың қорытындысында небәрі 25 ұпай жинап, 16 команданың ішінде соңғы орынға тұрақтады. Осылайша, қызылордалық клуб келесі маусымда ел футболының жоғары дивизионында өнер көрсету құқығынан айырылды.
Бұл – тек футболшылар мен жаттықтырушылардың ғана емес, клубты басқару жүйесінің де тиімділігіне қатысты мәселе.
Жаңа стадионның болуы – өңір футболы үшін маңызды жетістік. Алайда сол стадионда ойнайтын команданың Премьер-лигадан түсіп қалуы инфрақұрылым мен спорттық нәтиже арасындағы үлкен алшақтықты көрсетіп отыр.
Жаңа әкім футболға қаншалықты көңіл бөлді?
Бұл жағдай Қызылорда облысының жаңа басшылығы үшін де ойланатын мәселе.
Әрине, алаңға әкім емес, футболшылар шығады. Голды да әкім соқпайды. Бірақ өңірдегі кәсіби спортты дамыту, клубтың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасау және басқару сапасын бақылау мәселелерінде жергілікті биліктің де жауапкершілігі бар.
Сондықтан жаңа әкім Мұрат Ергешбаевтың өңір футболына қаншалықты назар аударғаны, клуб басшылығымен қандай жұмыс жүргізілгені және маусымдағы сәтсіздіктің себептері қалай бағаланатыны туралы сұрақтардың туындауы заңды.
Жаңа стадионның ашылуы өңір үшін үлкен оқиға болғанымен, оның басты командасы жоғары лигадағы орнын сақтап қала алмаса, мұны футбол саласындағы толыққанды жетістік деп айту қиын.
Ендігі мәселе – «Қайсардың» сәтсіздігіне кім жауап беретіні және клубты Премьер-лигаға қайтару үшін қандай нақты шаралар қабылданатыны.
Миллиардтар бөлінді, нәтиже қайда?
2026 жылы «Қайсарға» мемлекеттік қаржыландыру аясында 1,871 млрд теңге қарастырылғаны жарияланды. Бұл көрсеткіш бойынша қызылордалық клуб Қазақстан Премьер-лигасындағы 16 команданың ішінде 10-орында тұр. Алайда алаңдағы нәтижесі мүлде басқа: «Қайсар» чемпионатты соңғы орынмен аяқтады. Жаңа стадион, жеке инвестор және қомақты қаржыландыру клубты жоғары дивизионда сақтап қала алмады.
«Жетісу» да Премьер-лигамен қоштасты
Чемпионат қорытындысында «Қайсармен» бірге Талдықорғанның «Жетісу» клубы да жоғары дивизионнан шығып қалды.
«Жетісу» 27 ұпаймен 15-орынға жайғасса, «Қайсар» 25 ұпаймен соңғы сатыда қалды.
Осылайша, Қазақстан Премьер-лигасының 2026 жылғы маусымы бір клуб үшін чемпиондық қуанышпен аяқталса, енді біреулер үшін үлкен сәтсіздікке айналды.
Ал Қызылорда жанкүйерлері үшін ең ауыр сұрақ ашық күйінде қалды: жаңа стадион салынып, легионерлер шақырылғанда да Премьер-лигада қала алмаған «Қайсарды» енді кім және қалай құтқарады?