80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін қазақстандық боксшы Сабыржан Аққалықов Таразда өтіп жатқан бокстан Қазақстан чемпионатына қатыспайды. Бұған спортшының денсаулығына байланысты мәселе себеп болған.
Бұл туралы белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов Instagram парақшасында мәлімдеді.
Журналистің айтуынша, 80 келі салмақ дәрежесіндегі үздік боксшылардың бірі саналатын Сабыржан Аққалықов ел біріншілігін өткізіп алуға мәжбүр.
Алдын ала мәлімет бойынша, спортшының тамағы ауырып, дәрігерлер оған ангина диагнозын қойған.
"80 келінің үздігі саналатын Сабыржан Аққалықов Қазақстан чемпионатынан тыс қалды. Жаңа ғана осындай ақпарат келді. Боксшының жарысқа қатыспауына денсаулығындағы кінәрат себеп болған", – деп жазды Аслан Қаженов.
Журналист спортшының медициналық анықтамасы бар екенін де атап өткен.
"Қолымызға түскен ақпаратқа сәйкес, спортшының медициналық анықтамасы бар. Онда диагнозы "ангина" деп көрсетілген. Осыған байланысты Сабыржан Аққалықов алдағы бәсекені өткізіп алады", – деді ол.
Айта кетейік, бокстан Қазақстан чемпионаты 29 қазан мен 6 қараша аралығында Тараз қаласында өтеді.