Әлеуметтік желіде асаба Сабыржан Түзелбаевтың той үстінде өрт сөндірушіге айтқан сөзіне қатысты жаңа видео тарады. Бейнежазба авторы Теміртаудағы қорым маңында өрт болғанын айтып, асабаның марқұм анасы да сол жерде жерленгенін мәлімдеген. Сондай-ақ ол той жүргізушісін халықтан кешірім сұрауға шақырды.
Алайда әлеуметтік желідегі бұл мәліметтердің барлығы бірдей расталған жоқ.
Асаба шынымен "өртің көп болсын" деді ме?
Иә, бұл ақпарат расталған.
Әлеуметтік желілерде тараған той видеосында Сабыржан Түзелбаев өрт сөндіру саласында еңбек ететін қонаққа "өртің көп болсын" деп тіл қатқан. Оның қонақтардың мамандығына және жеке ерекшеліктеріне қатысты басқа да сөздері жарияланып, желі қолданушыларының сынына ұшырады.
Көпшілік мұндай сөздің өрт сөндірушінің жұмысына айтылатын қалыпты тілекке жатпайтынын жазды. Әлеуметтік желіде асабаның халықтан кешірім сұрауын талап еткен пікірлер де жарияланды.
Теміртауда қорым өртенді ме?
Әлеуметтік желіде Теміртаудағы зираттың маңында өрт шыққаны түсірілген видео бар. Жазбада далалық аумақтың қорымға жақын жерде жанып жатқаны айтылған.
Алайда видео жарияланған кезде оның авторлары төтенше жағдай туралы ресми ақпараттың жоқ екенін атап өткен. Қолжетімді кадрлар өрттің қорымға жақын аумақта болғанын көрсеткенімен, қабірлердің немесе қорым нысандарының өртенгенін дәлелдемейді. Сондықтан "Теміртаудағы қорым түгел өртенді" немесе "өртті құтқарушылар әрең сөндірді" деген тұжырымдарды ресми мәліметсіз нақты факт ретінде жариялауға болмайды.