Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) қаржыны пайдалану тетігі кеңейтіледі. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әзірлеген жаңа заң жобасында айтылған, деп хабарлайды kznews.kz.
Құжатқа сәйкес, енді салымшылар өз зейнетақы жинақтарын:
- ипотеканың ай сайынғы төлемін азайтуға;
- несиенің мерзімін қысқартуға пайдалана алады.
Министрліктің түсіндіруінше, бұған дейін БЖЗҚ қаржысы арқылы ипотеканың негізгі қарызын да, пайыздық бөлігін де төлеуге рұқсат етілген болатын. Ал жаңа ереже бойынша, енді бұл қаражат тек негізгі қарызды өтеуге ғана жұмсалады, пайызды төлеуге қолдануға болмайды.
Мұндай өзгерістердің енгізілуіне жаңа Салық кодексі себеп болып отыр. 2026 жылдан бастап тұрғын үй алу немесе емделу мақсатында БЖЗҚ-дан алынған біржолғы төлемдерден жеке табыс салығы ұсталмайды. Бұған дейін мемлекет қордан алынған соманың бір бөлігін салық ретінде ұстап келген еді. Енді азаматтар өз жинақтарын толық көлемде пайдалану мүмкіндігіне ие болады.
Министрлік бұл салықтық жеңілдіктерді ескере отырып, зейнетақы қаражатын тиімді әрі икемді пайдалану жолдарын кеңейтіп отыр.