Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясы IBF/WBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына алты айға жарыстардан шеттетуге шешім шығарды, деп хабарлайды kznews.kz.
Stevekimboxing сайтының мәліметінше, жаза мерзімі 2025 жылдың 2 желтоқсанынан бастап күшіне енеді. Мұндай шешім 6 желтоқсанда Карлос Адамеске қарсы жоспарланған жекпе-жек алдында алынған допинг-сынаманың оң нәтиже көрсетуіне байланысты қабылданған. Жекпе-жек Сан-Антонио қаласында өтуі тиіс болған. Кездесу қарсаңында боксшы VADA тексерісінен өтіп, оның ағзасынан мельдоний табылған.
7 мамыр күні Әлімханұлы қатты бас ауруы, жүрек айну, құсу және бас айналу белгілерімен Adam Clinic медициналық орталығына жүгінген. Бұл жағдай 25 сәуірде Астанада өткен Анауэль Нгамиссенгеге қарсы айқастан кейін болған. Ем барысында дәрігерлер оған құрамында мельдоний бар «Рипронат» препаратын көктамыр арқылы енгізген. Ресми құжатта дәрінің «жағдайдың өткір сипатына байланысты» салынғаны көрсетілген.
Боксшының менеджері Эгис Климастың айтуынша, мельдоний ағзада тоғыз айға дейін сақталуы мүмкін. Оның сөзінше, спортшы ем қабылдаған кезде ешқандай жекпе-жек жоспарланбаған, ал қолданылған дәрі заңды және елде рецепсіз сатылады. Ресми шешімде де препараттың тек медициналық негізде, шұғыл ем аясында пайдаланылғаны көрсетілген.
Айта кетейік, Әлімханұлы 2016 жылға дейін Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсеткен кезеңде бірнеше мәрте допинг-сынақ тапсырып, олардың барлығы теріс нәтиже берген.
Дисквалификациядан бөлек, боксшы айыппұл төлеуге, WADA-ның ADEL платформасындағы допингке қарсы білім беру бағдарламасын аяқтауға және жаза мерзімі аяқталған соң өз есебінен допинг-сынақтан өтуге міндеттелді.
Ал IBF ұйымының бұл жағдайға қатысты ұстанымы әзірге жарияланған жоқ.