KZNews.kz
Спорт

Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг ісі: қорытынды тыңдау қай күні болады

Torgyn Abushakhman
Фото: instagram.com/qazaqstyle

Кәсіпқой боксшы, әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг дауына байланысты тәртіптік істің қорытынды тыңдауы 19 қаңтарға белгіленді. Бұл туралы Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рақымжан Ерденбеков мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Оның айтуынша, дәл осы күні 8 қаңтарда ашылған В допинг-сынаманың талдау нәтижелері ресми түрде жарияланады.

Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясы қазіргі таңда В сынамасының қорытындысы шыққанға дейін Жәнібек Әлімханұлы кінәсіз деп есептелетінін және орта салмақта WBO мен IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы мәртебесін сақтайтынын атап өтті.

Федерация өкілдерінің мәліметінше, істі қарау белгіленген халықаралық антидопинг талаптары мен рәсімдерге толық сәйкес жүргізіледі.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы желтоқсан айының басында Жәнібек Әлімханұлының WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы Эрисланди Ларамен өтетін жекпе-жекке дайындық барысында алынған А допинг-пробасынан антидопинг кодексімен тыйым салынған мельдоний анықталғаны хабарланған болатын.

Осыған байланысты сол сәтте алынған В допинг-сынаманы ашып, қайта талдау 8 қаңтарда жүргізілді. Қорытынды шешім 19 қаңтарда шығарылады.

Torgyn Abushakhman
Автордың басқа материалдары