Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жүзеге асырылған конституциялық реформалар Қазақстанның саяси жаңғыруының жаңа кезеңін бастап берді. Мұндай пікірді заңгер Абзал Құспан білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, жаңа Конституцияның күшіне енуі мемлекеттік басқару жүйесін заман талабына бейімдеп қана қоймай, билік тармақтарының өзара жұмысын жетілдіруге, заң шығару қызметінің тиімділігін арттыруға және қоғам алдындағы жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.
– Бұл – еліміздің саяси жүйесін жаңғырту жолындағы маңызды қадам. **Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев** ұсынған конституциялық реформалар мемлекеттік институттардың қызметін жетілдіруге және тиімді басқару моделін қалыптастыруға негіз болады, – деді Абзал Құспан.
Заңгердің айтуынша, қос палаталы Парламенттің соңғы бірлескен отырысында тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан құқықтық жүйеге баға беріліп, алдағы кезеңнің басым міндеттері айқындалды.
Ол жаңа конституциялық модель аясында еліміздің жоғары өкілді әрі заң шығарушы органы ретінде Құрылтайдың жұмысқа кірісуі заң шығару үдерісін жетілдіруге, шешім қабылдау тетіктерін оңтайландыруға және халықтың сұранысына жедел жауап беретін мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға ықпал ететінін айтты.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған конституциялық реформалардың түпкі мақсаты – әділетті, ашық әрі жауапты мемлекет құру. Сондықтан жаңа модель заң шығару сапасын жаңа деңгейге көтеріп, мемлекеттік институттардың үйлесімді жұмыс істеуіне және елдің орнықты дамуына серпін береді деп сенемін, – деді заңгер.