Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданған жаңа Конституцияның күшіне енуі Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртудағы жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді. Мұндай пікірді қоғам қайраткері Жапсарбай Қуанышев білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
– Бұл өзгерістер суперпрезиденттік жүйеден бас тартып, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейтуге бағытталған. Президент стратегиялық даму бағытын айқындап, мемлекеттік институттардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз ететін арбитр әрі үйлестіруші рөлін атқарады, – деді Жапсарбай Қуанышев.
Оның айтуынша, жаңа конституциялық модельде заң шығарушы органның өкілеттігі кеңейіп, Үкіметтің жауапкершілігі артады. Бұл мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейтіп, халықтың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтеді.
Қоғам қайраткері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алған реформалардың басты мақсаты – әділетті, ашық әрі жауапты мемлекет қалыптастыру екенін атап өтті.
– Жаңа Конституцияны іске асыруға бағытталған заңнамалық өзгерістер мемлекеттік билік тармақтарының өкілеттіктерін нақтылап, құқықтық реформаларды жаңа деңгейге көтереді. Соның нәтижесінде заң үстемдігі нығайып, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенім беки түседі, – деді ол.
Жапсарбай Қуанышевтың пікірінше, Конституцияда адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтарға тең мүмкіндік беру мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары ретінде айқындалған. Бұл қағидаттар еліміздің орнықты дамуына және әділетті қоғам құруға берік негіз қалайды.