Жангелдин ауылында ерлі-зайыптының қазасына байланысты күдікке ілінген тұлғалардың қайда екені белгілі болды, деп хабарлайды kznews.kz.
Атырау облысы полиция департаментінің мәліметінше, бір отбасының өліміне қатысы бар негізгі күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев пен оның жұбайы Ақбаян Қазақстан аумағынан Өзбекстан арқылы шығып кеткен. Қазіргі таңда Ақбаян хабар-ошарсыз кеткен адам ретінде іздестіріліп жатыр.
Ал Сұлтан Сәрсемәлиев халықаралық "қызыл деңгейдегі" іздеу тізіміне енгізілген. Бұл мәртебе оның қай мемлекетте жүрсе де ұсталуына мүмкіндік береді. Яғни шекарадан өту, әуе немесе теміржол көлігіне отыру, қоғамдық орындарда анықталу кезінде ол автоматты түрде қамауға алынуы тиіс.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер Қазақстаннан шыққаннан кейін бірнеше ел аумағында бой тасалаған.
"Біз олардың нақты қай жерде екенін білеміз. Қазіргі уақытта халықаралық құқықтық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Жақын арада тұтқындау жүзеге асады", – деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Сонымен қатар полиция Ақбаянның денсаулығында белгілі бір мәселелер бар екенін растады. Алайда оны әрекетке қабілетсіз деп тану немесе бірінші топтағы мүгедектік тағайындау жөнінде соттың ресми шешімі жоқ.