Жаңа жылдан бастап Қазақстандағы университеттерде оқу ақысы орта есеппен 5–7 пайызға өсуі мүмкін. Бұл туралы Сенат кулуарында Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Журналистер экономикалық өзгерістер, соның ішінде жаңа Салық кодексінің қабылдануы мен ҚҚС енгізілуі ақылы оқу құнына әсер етеді ме деп сұрады.
Вице-министрдің айтуынша, ақылы бөлімдегі оқу ақысы университеттердің өз құзыретіне жатады. Дегенмен уәкілетті орган университеттерге бағаны белгілерде қазіргі экономикалық жағдайды ескеруге қатысты ұсынымдар береді.
«Алдыңғы жылдарды қарасақ, оқу ақысы көбіне 5-7 пайыздан аспаған», - деді Гүлзат Көбенова. Ол бағаның өсуі өткен жылдарда қалыпты деңгейде болғанын атап өтті.
Журналистер министрліктің биылғы жылға арналған ұсынымдары қандай екенін сұрағанда вице-министр бұл тақырып әлі талқыланбағанын айтты. «Биыл біз оны әлі көтерген жоқпыз. Дәстүрлі форматта жалғасады деп ойлаймын», - деді ол.
Сонымен қатар, Көбенова университеттердің оқу ақысын көтеру бойынша министрлікке ресми түрде өтініш білдірмегенін атап өтті.