Қазақстанда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап автокөлік иелері үшін жаңа мүмкіндік қарастырылды, қалаған кез келген әріп пен сан комбинациясын таңдап, мемлекеттік нөмірге жаздыруға болады. Бұл норма жаңа Салық кодексінде көзделген.
Жаңа опция «элиталық» серияларды қоспағанда, қолжетімді болады. Олардың қатарына 001–009, 777, сондай-ақ 010, 020, 030 және өзге де ерекше комбинациялар жатады.
Комитеттің мәліметінше, таңдалған нөмірдің құны 10 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды. 2026 жылы 1 АЕК мөлшері 4 325 теңге болып бекітілгендіктен, мұндай нөмір 43 250 теңгеге рәсімделеді.
Сонымен қатар автонөмірлердің өзге түрлеріне де жаңа бағалар белгіленді:
– стандартты нөмірлер — 2,8 АЕК немесе 12 110 теңге;
– «көркем» комбинациялар (мысалы, 010, 020, 070, 090) — 57 АЕК немесе 246 525 теңге;
– бірдей сандар мен әріптерді қамтитын нөмірлер — 114 АЕК немесе 493 050 теңге;
– үш бірдей сан (111, 222, 333 және т.б.) — 137 АЕК немесе 592 525 теңге;
– «топ-класс» (001–009, 777) — 228 АЕК немесе 986 100 теңге, ал әріптер де сәйкес келген жағдайда 285 АЕК немесе 1 232 625 теңге.
Жаңа опция арқылы көлік иелері «123AZA01» немесе «321ERA02» сынды қалаған үлгіде нөмір алуға мүмкіндік алады.