Өткен аптада қазақ қоғамы мұхиттың арғы жағына көз тігіп отырды. Өйткені, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ астанасында өткен Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысына қатысты.
Президент Вашингтон сапарында бірқатар америкалық іскерлермен кездесіп, алпауыт компанияларды ел экономикасына инвестиция салуға шақырды.
Жалпы, Қазақстан мен Америка арасындағы сауда-экономикалық байланыстың тамыры тереңде. Әрине, ғаламшардың екі бөлек ендігінде орналасқан елдерді көп нәрсе тікелей байланыстырмағанымен, ортақ мүдде тоқайластыратын тұстар жеткілікті. Сарапшылар Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық қарым-қатынасты "орташа деңгейде" деп бағалап отыр. Ал кейінгі Президент сапарынан кейін бұл үрдіс өседі деген сенім бар.
Дерекке қарасақ, 2024 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы шамамен 4.2 млрд долларға дейін жеткен. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 4 пайызға дейін ұлғайған.
Оның ішінде Қазақстан мұхиттың арғы жағына құны 2.3 млрд доллар шамасында экспорттық өнім шығарған. Ал АҚШ тарапынан да осы шамада тікелей импорт жасапты. Бұл көрсеткіштер Қазақстан мен АҚШ арасындағы алыс-берістің әлі де орташа көлемдегі серіктестік деңгейінде тұрғанын білдіреді. Айтпақшы, 2024 жылғы есеп бойынша еліміздің Америкаға бағыттаған экспортының негізгі үлесі шикізат түрінде қалып отыр. Атап айтқанда, шикі мұнай көлемі 56 пайыз болса, уран экспорты 16 пайыз, күміс 12 пайыз және ферроқорытпа түрлері 9 пайыз шамасында болған.
Әлбетте, ұзақ мерзімді байланыс аясында жүзеге асатын сауда айналымының көлемін арттыру уақыт еншісінде қала бермек. Алайда, күні кеше АҚШ президенті Дональд Трамп қабылдаған шешім бұл бағыттағы ілгерлеуге кері әсерін тигізуі мүмкін екен.
Вашингтондағы Бейбітшілік кеңесі аяқтала сала Дональд Трамп Америка аумағында 10 пайыздық ғаламдық баж салығын енгізу жөніндегі жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол өзіне тиесілі Truth Social әлеуметтік желісінде жазды. Және Трамп бұл жаңа баж салығының бірден күшіне енетінін жария етті. Енді Америка нарығына енетін өзге елдердің кез-келген өнімі үшін 10 пайыз баж салығы алынады. Дегенмен, Ақ үй бұл шараның әзірге 150 күн мерзімге енгізілгені туралы түсінік берген. Өйткені, Трамп бұйрығының баянды болуы үшін Америка Конгрессі өз батасын беруі керек екен.
Жалпы, Трамптың сауда серіктестеріне қатысты баж салығын енгізуі саясаты аяқ асты пайда болған жоқ. Ол бастаманы былтыр айтқан. Бірақ, Америка соты президенттің бұл шешімін заңсыз деп таныған болатын. Соған қарамастан, Трамп мырза жаңа әмбебап тариф саясатын жариялап отыр.
Бұл шешім АҚШ-тың сыртқы сауда саясатына түбегейлі өзгеріс енгізуі мүмкін. Егер 10 пайыздық тариф толық көлемде іске асса мұхиттың арғы жағына тауар экспорттайтын елдер де баға саясатын қайта қарауы мүмкін. Яғни, АҚШ аумағында баға қымбаттау ықтималдығы артады-мыс. Екіншіден, бұл қадам ірі тұтыну нарығына еркін еніп келген мемлекеттерге соққы болып, әлемдік сауда айналымын баяулатуы да мүмкін екен. Сарапшылар бұл қадам АҚШ-тың ішкі нарығында инфляциялық қысымды күшейтеді дегенді айтады. Мұнан бөлек Дүниежүзілік сауда ұйымы аясындағы келісімдер қайта қаралып, экономикалық дау туындауы ықтималдығы да жоғары екен. Бұл әсіресе ежелден еншісі бөлінбеген Еуропа үшін төбеден жай түскендей жағдай болып отыр. Ал америкалықтар Трамптың бұл қадамын протекционистік экономикалық бағытты күшейтеді деп түсініп, түсіністік танытып отырған сияқты. Қалай болғанда да түпкі шешімді Конгресс айтпақ.
Тоқетерін айтқанда, бізді алыстағы Америкада қабылданған шешімнің Қазақстанға әсері қандай болады деген сауал мазалайды. Мамандар, ғаламдық 10 пайыздық баж салығы біз үшін тікелей соққы болмайды деп болжайды.Алайда, жанама әсері айтарлықтай сезілуі де ықтимал екен. Себебі, ел экономикасының сыртқы факторлар мен экспортқа тәуелді екені белгілі. Демек, бұл жағдай бізге екі түрлі әсер етуі мүмкін.
АҚШ Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі ретінде мұнай және мұнай өнімдері, ферроқорытпа, уран, сирек металдар сияқты шикізат сатып алады. Егер 10 пайыз баж барлық елге бірдей қолданылса, онда қазақстандық өнімдер де автоматты түрде қымбаттайды. Бұл әсіресе металлургия өнімдері мен өңделген тауарларға әсер етуі мүмкін. Алайда мұнай мен уран секілді стратегиялық ресурстарға қатысты АҚШ жиі арнайы режим қолданады. Сондықтан нақты сектор бойынша айырмашылық болуы мүмкін екен. Ол, әрине, шикізат бағасының көтерілуіне әкеледі.
Екіншіден, қазір Қазақстан экономикасы үшін басты тәуекел тікелей баж салығының көтерілуі емес, әлемдік нарықтағы реакцияның қалай құбылатыны болуы керек сияқты. Өйткені, Трамптың тұтам жарлығы тұтас жаһандық сауда шиеленісін күшейтіп, әлемдік экономикалық өсімнің баяулауына әкелуі мүмкін екен. Ол бірінші кезекте шикізат нарығына соққы болмақ. Әсіресе, мұнайға сұраныс күрт азаюы ықтимал-мыс. Оның ішінде біз өндіретін Brent маркалы мұнай бағасы қысымға ұшырауы кәдік. Демек, бұл жағдай Қазақстан бюджетіне тікелей әсер ететіні сөзсіз. Сарапшылар қазірдің өзінде көмірсутек экспортының бағасы құбылып отырғанын жоққа шығармайды. Ал ел бюджетінің негізгі кіріс көзі ретінде осы сектор саналады.
Мұнайдан бөлек, Қазақстанның ферроқорытпа мен түсті металл экспорты АҚШ нарығында белгілі бір үлеске ие. 10 пайыздық тариф бұл бағытта да бәсекелестікті әлсіретіп, бағаны төмендетуге мәжбүр етуі, тіпті маржаны қысқартуға дейін әкелуі мүмкін-мыс.
Әрине, АҚШ ықпалындағы сауда саясаты мүдделі тараптардың төтенше жол іздеуіне де ықпал етуге тиіс. Бұл жерде геосаяси әрі экономикалық тұрғыдағы көп векторлық ұстаным алға шығады. Яғни, АҚШ нарығына бағытталатын шикізат үлесі үшінші елдерге қарай ойысуы мүмкін.
Осы жерде еліміз Транскаспий халықаралық көлік жолының Орта дәліз бағытына иек сүйей алады екен. Тасымал әлеуетін күшейту арқылы транзиттік табысты арттыра аламыз. Саяси тұрғыдан да Азия мен Еуропа арасындағы логистикалық буын ретінде маңызды орынға шығуымыз бек мүмкін. Мұнан бөлек те баламалы нарықтарға жол ашылады. Мәселен, Түркия, Қытай, Таяу Шығыс елдері бағыттарына қарай жөнелтілетін экспортты қайта бағдарлай отырып, жеке дара саясат ұстануға көшу мүмкіндігі туады.
Қорыта айтқанда, қандай жағдайда болмасын, Қазақстан әлемдік қауымдастықтың мүшесі ретінде ғаламдық экономикадағы құбылудан қашып құтыла алмайды. Ал ендігі негізгі қауіп әлемдік экономиканың баяулауы мен шикізат бағасының төмендеуінен туындайды. Бұл экономикасы әртараптанбаған ел үшін екі есе қатер. Өйткені, отандық экономика әлі де шикізатқа тәуелді...