KZNews.kz
Әлеумет

Жаңа салық кодексі өзін өзі жұмыспен қамтығандарды жарылқай ма?

Қалмаханбет Мұқаметқали
Фотоиллюстрация: Kznews.kz

Жаңа жылдан бастап қолданысқа енгізілетін Салық кодексінде өзгеріс жеткілікті

Бұл кодекс бюджетке түсетін әр тиынды есептеп қана қоймай, айналымдағы қаражатты толық бақылауға алатын құжат ретінде ерекшеленетін сияқты. Әсіресе, табыс пен пайданың шығу тегін анықтау бағытындағы жұмыс кіріс органдарына қосымша салмақ қана емес, ерекше өкілеттілік береді. Қазірдің өзінде салық органдары азаматтардың банк есеп-шоттарын бақылауға алып, түскен қаражат ағынын зерттеуге кіріскен.

Мемлекеттің салық саясатына қатысты бұл ұстанымы әлеумет тарапынан қолдау таппағанымен, адамдар заң талабына көнуге мәжбүр болатыны анық. Екіншіден, салық мәдениетінің төменнен бастап қалыптасуы құқықтық қоғам құру жолындағы құптарлық қадам. Алайда, бұл мәртебелі міндет мәжбүрлеу түрінде емес, әлеуметтік әділдік принципі негізінде атқарылуы керек. Өйткені, еңбекке жарамды тұрғындардың көп бөлігінің толыққанды жұмыспен қамтылмауы үлкен мәселе туындатады. Әңгіме ресми жұмыс істемейтін, бірақ мемлекетке алақан жаймай, өз күнін өзі көріп жүрген әлеуметтік топ туралы. Анығында "Өзін өзі жұмыспен қамтығандар" статусы бұрыннан бар үлкен шоғыр және олардың еңбек нарығындағы орыны салмақты екенін мойындауымыз керек. Яғни, еліміздің еңбек нарығында ресми тіркелген жұмысшылар мен қызметкерлерден бөлек үлкен әлеуметтік армия бар. Ресми статистикаға әрдайым толық енбейтін бұл азаматтар ел экономикасының маңызды бөлігіне айналғанына қарамастан, олардың құқықтық мәртебесі мен әлеуметтік қорғалуы әлі де әлсіз күйінде қалып отыр.

Жалпы, қазір өзін өзі жұмыспен қамтығандар қатарына кімдер кіреді?

Өзін өзі жұмыспен қамтығандар – табысын өз еңбегімен тауып отырған, бірақ жалдамалы жұмысшы ретінде тіркелмеген азаматтар. Бұл топқа жеке шеберлер мен құрылысшылар, базардағы және онлайн саудамен айналысатындар, такси жүргізушілері, ауылдағы жеке шаруашылық иелері, фрилансерлер жатады.

Бұл топтың барлығына ортақ бір сипат бар — табысы тұрақсыз, ал әлеуметтік кепілдіктері шектеулі. Өкінішке қарай, бұл армияның нақты саны белгісіз екен. Ресми мәлімет бойынша, елде өзін өзі жұмыспен қамтығандардың саны 2 миллионнан асады-мыс. Бұл еңбекке қабілетті халықтың шамамен төрттен бірі. Дегенмен бейресми табыс көлеңкелі экономикада жүргендіктен, нақты көрсеткіш бұдан да жоғары болуы мүмкін.

Осы жерде неге олар ресми түрде жеке кәсіп иесі ретінде тіркелмейді деген заңды сауал туады. Мұның себебін бірнеше фактормен байланыстыруға болар. Әуелі, табыстың құбылмалылығы, яғни, кесімді жалақының болмауы. Аз-мұз ақшаға келіскен уақытта жұмыс істеп, нан табарлық кіріске қанағат қылу ешқашан салық немесе басқада әлеуметтік төлемдер туралы ойлауға мүмкіндік бермейтіні рас. Екінші жағынан, кіріс жүйесіндегі бюрократиялық талаптардың көп болуы да заңды тіркеуге кедергі болады екен. Үшіншіден, адамдардың әлеуметтік төлемдер жүйесіне сенімнің төмендігі де әсер етеді-мыс. Мәселен, МӘМС жүйесі арқылы тіркелген емханалардан сапалы қызмет ала алмаған адам ақылы медицинаға жүгінгенді құп көреді. Демек, мемлекеттік жүйедегі кемшілік адамдардың міндетті әлеуметтік сақтандыру мен басқа да төлемдерге деген сенімін оятпайды.

Еңбек нарығындағы 2 млн адамнан астам бейресми жұмыс күшінің көлеңкеден шығуына мемлекет барынша жол іздеп жатыр, алайда діттеген нәтижеге жетпедік.

Рас, қазірге дейін бірыңғай жиынтық төлем сияқты жеңілдетілген механизм жұмыс істеп келді. Бірақ, бұл барлық азаматқа қолайлы болмай отыр. Яғни, бірыңғай жиынтық төлем жүйесі уақытша шешім ғана. Қазіргі қолданыстағы БЖТ жүйесі өзін өзі жұмыспен қамтығандарды ресми мәртебеге шығарып, МӘМС пен зейнетақы жүйесіне қосқанымен, бұл ұзақмерзімді тұрақтылық әкелмеді. Бұған аз мөлшердегі зейнетақы жарнасы, әлеуметтік кепілдіктердің әлсіздігі, табыс есебінің ашық жүргізілмеуі мүмкіндік бермеді. 

Есесіне, өзін өзі жұмыспен қамтығандардың экономикадағы шынайы рөлі артып отыр. Өйткені, бұл топ ауыл экономикасының тірегі мен қаладағы қызмет көрсету секторының басты күшіне айналған. Жөндеу жұмыстары, құрылыс, шағын сауда, жеке тасымал – осының бәрі дәл осы топқа байланысты. Олардың жұмысы тоқтаса, ірі нарықтардың да қозғалысы баяулайды.

Бірақ, осы бейресми еңбек армиясының әлеуметтік қорғалмауы қоғам үшін қауіпті емес пе? Бұл адамдардың болашақ зейнетақысының мардымсыздығы ғана келешек үшін қатер жеке адам да, мемлекет те естен шығармауға тиіс.

Айтпақшы, жаңа Салық кодексінде бұл мәселе қамтылған екен. Бір қарағанда мәжбүрлеу сияқты көрінгенімен, өзін өзі жұмыспен қамтығандардың жағдайына мемлекет бас қатыра бастағаны байқалады. Атап айтқанда, арнаулы салық режимдерінің тізімінде әлеуметтің таптың осы тобына ыңғайлы ұсыныс бар. Енді шаштараздан бастап таксиске дейінгі мыңдаған адам айыппұлсыз, касса мен есеп-қисапсыз, тек 4 пайыз бірыңғай әлеуметтік төлем аудару арқылы заңды түрде жұмыс істей алады екен. Нақтыласақ, 2026 жылдың 1 - қаңтарынан бастап, 7 түрлі арнаулы салық режимі қысқартылып, 3 әмбебап режим ғана қалады. Солардың арасында «Өзін өзі жұмыспен қамтушыларға арналған арнаулы салық режимі» бар. Бұл тізімге өз еңбегін жалдамалы қызметкерлерді пайдаланбай ұсынатын, жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға санатына жатпайтын өзін-өзі жұмыспен қамтушылар кіріп отыр. Енді фрилансерлер Үкімет бекіткен арнайы тізбедегі 40 түрлі қызметтің кез келгенімен айналысу құқына ие және ол үшін ай сайын 4 пайыз көлемінде салық төлеп отырады. Бірақ, бұл режимнің шекті мөлшері бар екен. Адамның ай сайынғы табысы 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде болуы керек, ал ол қазіргі шамамен 1,25 млн теңге көлемінде анықталады. Ал жылдық табыс шегі 15 млн теңгеден аспауы тиіс. Осы талаптар сақталған жағдайда өзін өзі жұмыспен қамтығандарға салық салынбайды. Тек, табысының 4 пайызын әлеуметтік төлемдерге аударып отыруы керек. Яғни, зейнетақы, МӘМС, әлеуметтік аударымдар ұсталады. Мұндағы артықшылық, кіріс органы тарапынан талап етілетін бюрократияның болмауы. Демек, енді жеке тұлға үшін қосымша декларация тапсырып, касса аппаратын алып немесе бухгалтерлік есеп жүргізудің қажеті болмайды. Мұның бәрі мобильді қосымша арқылы бір тетіктен жасалмақ.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Автордың басқа материалдары