Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов елімізде өзін психолог ретінде таныстырып, қызмет көрсететін мамандардың нақты саны белгісіз екенін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, бұл саланың толық реттелмеуіне байланысты нақты статистика жүргізілмейді. Әсіресе әлеуметтік желілерде, соның ішінде Instagram платформасында өзін психолог деп таныстыратындардың саны ресми есепке алынбайды.
Депутаттың сөзінше, Қазақстанда кәсіби білімі бар психологтар жеткіліксіз деуге негіз жоқ. Себебі жыл сайын мемлекеттік тапсырыс аясында бұл мамандық бойынша кадрлар даярланып, гранттар бөлінеді. Сонымен қатар, бұл бағытқа түсу үшін талапкерлер арасында бәсеке жоғары.
Алайда, Аймағамбетов мемлекеттік мекемелерде психологтардың жетіспеушілігі бар екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл мәселе мамандардың аз дайындалуынан емес, еңбек жағдайының тартымсыздығынан туындайды.
"Мектептерде, медициналық ұйымдарда және басқа салаларда психологтар жетіспейді. Себебі жалақының төмендігі мен әлеуметтік пакеттің әлсіздігі мамандарды мемлекеттік секторда жұмыс істеуден бас тартуға итермелейді", – деді депутат.
Ол сондай-ақ емханалар мен поликлиникаларда жұмыс істейтін психологтардың дәрігер мәртебесіне ие емес екенін, соның салдарынан олардың еңбекақысы төмен болатынын айтты. Мектептегі педагог-психологтардың да жалақысы нарықтағы деңгеймен салыстырғанда бәсекеге қабілетсіз.
Депутаттың пікірінше, кадр тапшылығының басты себебі – еңбек шарттары мен әлеуметтік кепілдіктердің жеткіліксіздігі.