Белградта қаза тапқан 22 жастағы қазақстандық Амира Қанаттың өліміне қатысты белгілі адвокат Бауыржан Азанов мәлімдеме жасап, оқиғаға байланысты көптеген сұрақ туындайтынын айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Азановтың айтуынша, қызбен бірге болған жігіттің оқиға туралы айтқан нұсқасы бірқатар қайшылықтарға толы және мұқият тексеруді қажет етеді. Оның айтуынша, куәгердің көрсетулері мен қайғылы жағдайдың мән-жайы күмән тудырады.
«Осы жігіттің видеоүндеуін көрдім. Адвокат ретінде оған қоятын сұрақтарым өте көп. Қыздың дәл олардың көз алдында алтыншы қабаттан секіруіне не себеп болды? Оның үстіне олар екеу болған. Егер менде тергеу жүргізуге мүмкіндік болса, әлдеқашан осы екі адамға қатысты бұлтартпау шарасын қолданар едім», – деді Бауыржан Азанов.
Сонымен қатар адвокат істің барлық мән-жайын объективті әрі бейтарап тергеу қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, егер кінәлі адамдар анықталса, олар заң алдында жауап беруі тиіс.
Азановтың айтуынша, Амираның қазасы өте күмәнді жағдайда болған. Сондықтан оның өмірінің соңғы сәттерінде жанында болған адамдардың әрекеттері жан-жақты тексерілуі қажет.
«Қыз өте түсініксіз жағдайда көз жұмды. Осы жігітке де, оның досына да қатысты сұрақ көп. Бірде "ол бізге бірге тұруға келді" дейді, кейін "азаматтық жарым" деп атайды, артынша қайтадан "жай танысым" дейді. Мұның бәрі түсініксіз. Өте күмәнді жағдай», – деді адвокат.
Сондай-ақ ол «ешбір адам, әсіресе жас қыз, жайдан-жай алтыншы қабаттан секірмейді» деген пікірін жеткізді.
Қайғылы оқиға туралы не белгілі?
Еске салайық, 22 жастағы қазақстандық Амира Қанат Белградтағы көпқабатты тұрғын үйдің алтыншы қабатынан құлап, қаза тапқан. Марқұмның туыстары оның өлімі қылмыстық сипатта болуы мүмкін деп есептеп, істің жан-жақты тергелуін талап етіп отыр.
Ал қыздың соңғы күндері тұрған пәтердің иесі болған жас жігіт өз нұсқасын жариялап, Амираның балкон қоршауынан өз еркімен асып, құлағанын мәлімдеген. Кейін интернетте оның айтуынша, Амираның жеке күнделігінен алынған фотосуреттер де тарады. Алайда марқұмның туыстары бұл жазбалардың шынайылығына күмән келтіріп отыр.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұған дейін Сербиядағы Қазақстан елшілігі жергілікті құқық қорғау органдарымен бірлесіп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлаған. Сондай-ақ дипломаттар марқұмның отбасымен тұрақты байланыста болып, қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатқанын мәлімдеді.
Қазіргі уақытта Сербияның тергеу органдары істі тексеруді жалғастырып жатыр. Әзірге қазақстандықтың өліміне қатысты ресми себеп немесе күдіктілер туралы ақпарат жарияланған жоқ.