KZNews.kz
Қоғам

«Жаялықты көрсетіп, жеңгелері сүйінші сұрады»: Шымкентте ер адам 17 жастағы қызды алып қашып, үйінде зорлаған

Айжан Сыланова
Фото: ЖИ

Шымкентте кәмелетке толмаған қызды ер адам үйлену үшін алып қашып, зорлаған, деп хабарлайды kznews.kz Azattyq-ruhy.kz сайтына сілтеме жасап.

Жәбірленуші басынан өткен оқиғаны айтып, желіге шықты.

«Менің жасым 17-де, көпбалалы отбасынан шыққанмын, студентпін. Шымкент қаласында тұрамын. Мені бұрын-соңды көрмеген азамат алып қашып кетті. Үш-төрт жігіт жолдың бойынан ұстап алып, көлікке тығып, белгісіз бағытта жүріп кетті. Кейін олардың мақсаты не екенін білдім, біреуі әйел қылып алмақшы болды. Мені Сарыағаш ауданына алып барды, үйіне келген кезде жеңгелері орамалын алып жүгіріп жүрді, салют атып жатты, камераға түсіріп жүрген адамдар көп болды. Олар алдын ала жоспарлап алып қашқан екен», - деді қыз.

Бойжеткен өзінің 17 жастағы студент екенін сол жердегі адамдарға түсіндіруге тырысқан және ата-анасына хабарласуды сұраған. Видеодағы сөздерге сенсек, қылмыс жасаушының отбасы жәбірленушінің туыстарын таниды. Қызды ортаға алып, қаумалаған егде әйелдер «әжеңді танимын, папаңды білемін, жақсы жерге келдің» дегенді айтады.

«Олар телефонымды алып алды, «өз еркіммен келдім» деген қолхат жазуымды бұйырды. Қоқан-лоқы көрсетті, қорқытты. Қолхат жазбайтынымды түсінген олар мені жыныстық қатынасқа мәжбүрледі. Олар «бұл үйден қыз болып шықпауың керек, дәстүріміз осындай» деп жыныстық қатынасқа түспесем, қамап отыратындарын айтты», - дейді қыз.

Айтуынша, қылмысқа қатысы бар отбасының мүшелері жас қызды зорлатып, кейін сол төсектің жаялығын жеңгелеріне көрсетіп, сүйінші сұраған.

«Зорланған соң, менің жағдайыма ешкім мән бермеді. Сол сәтті пайдаланып мен ол жақтан қашып кеттім. Арада біраз уақыт өтті. Ешкім жазасын алмады. Қазір бауырларымның қасындамын. Олардың қатаң жазаланғанын қалаймын», - деді ол.

Редакция Шымкент полиция департаментіне сұрау салды. Ресми мәлімдемеге сәйкес, қылмысқа қатысы бар адамдардың бәрі ұсталған.

«Шымкент қаласының тұрғынының арызы бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Барлық қатысушы полиция басқармасына жеткізілді. Істің барлық мән-жайын анықтау мақсатында қажетті тергеу іс-шаралары кешені жүргізілуде. Тергеу аяқталған соң процессуалдық шешім қабылданады. Полиция кез келген заң бұзушылыққа төзімсіздік көрсететінін ескертеді. Заң талаптарын бұзған тұлғалар міндетті түрде қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады», - деді ПД.

Айжан Сыланова
Автордың басқа материалдары