Түркияның Ыстанбұл қаласында 26 жастағы қазақстандық Айсұлу Бекмаханова қайғылы жағдайда көз жұмды. Бойжеткен көрші ғимараттың шатырынан құлап кеткен. Оқиғаға байланысты полиция марқұмның сүйіктісі мен бірге пәтер жалдап тұрған құрбысын ұстады.
Қайғылы оқиға 25 қазан күні таңертең Ыстанбұлдың Шишли ауданында болған.
Түркиялық DHA агенттігінің мәліметінше, Айсұлу Бекмаханова өзі тұрған ғимараттың алтыншы қабатындағы балкон арқылы көрші үйдің шатырына шыққан.
Алдын ала болжам бойынша, бойжеткен шатырдың үстімен жүріп бара жатқанда, аяғының астындағы жабын сынып кеткен. Соның салдарынан ол екі ғимараттың арасындағы кеңістікке құлап, екінші жерасты қабатының деңгейіне дейін түскен.
Оқиға орнына шақырылған медицина қызметкерлері қазақстандық қыздың қайтыс болғанын анықтады. Марқұмның денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
Тергеу барысында Айсұлудың қаза табар алдында түсірілген соңғы фотосуреті де анықталған. Кадрда оның көрші ғимарат шатырының шетінде отырғаны көрінеді.
Суретті марқұммен бірге пәтерде тұрған 22 жастағы Ресей азаматы Дарья Б. түсірген.
Дарьяның полицияға берген түсініктемесіне сәйкес, таңғы сағат 08:15 шамасында ол құрбысын шатырда отырған күйінде байқаған. Қауіпті жерде отырғанын айтып, ішке қайтуын сұрағанымен, Айсұлу келіспеген.
«Мен осында отыра тұрамын, сен ұйықтай бер», – деп жауап берген бойжеткен.
Осыдан кейін Дарья бөлмесіне оралып, ұйықтап қалғанын айтқан.
Біраз уақыт өткен соң қатты музыка дауысынан оянған ол құрбысының пәтерде жоқ екенін байқаған. Кейін көрші ғимараттың шатырына қарап, оның бір бөлігі опырылып түскенін көрген.
Төменге үңілген кезде Айсұлудың қозғалыссыз жатқанын байқағанын жеткізген.
Полиция марқұмның қайғылы оқиғаға дейінгі соңғы сағаттарын да зерттеп жатыр.
Тергеу материалдарына сәйкес, 24 қазан күні кешкі сағат 20:00 шамасында екі құрбы бірге серуендеуге шыққан.
Ал 25 қазан күні таңғы сағат 05:00 шамасында Айсұлу өзінің сүйіктісіне барған.
Ол 35 жастағы дүкен иесі Мажар Т. есімді азамат болып шыққан.
Ер адамның айтуынша, қазақстандық бойжеткен оған таңғы сағат 05:30 шамасында келген. Олар біраз уақыт бірге болып, сағат 07:40 шамасында Айсұлу үйіне қайтқан.
Тергеу барысында Айсұлу Бекмаханова мен оның құрбысы Түркияға 2026 жылғы 8 қыркүйекте келгені де белгілі болды.
Қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Түркия прокуратурасының шешімімен Дарья Б. мен Мажар Т. ұсталған.
Алайда олардың қандай процессуалдық мәртебеде екені және оларға қандай да бір айып тағылған-тағылмағаны әзірге нақтыланбаған.
Құқық қорғау органдары қазақстандық қыздың шатырдан құлауына қатысты барлық жағдайды тексеріп жатыр.
Әзірге Айсұлу Бекмаханованың өліміне не себеп болғаны жөнінде түпкілікті ресми қорытынды жарияланған жоқ.