Абай облысының балалар құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Айжан Мұқатова БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихатын өткізді.
Баспасөз мәслихатында Айжан Дәуітбекқызы балалардың құқықтарын қорғау бағытында басқарманың атқарылып жатқан жұмыстарымен және нақты міндеттерімен кеңінен таныстырды.
Биыл ғана құрылған балалардың құқықтарын қорғау басқармасының негізгі міндеттері балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасын үйлестіру болып отыр. Сонымен қатар жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды анықтау, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, отбасына орналастыру мәселелерін үйлестіру және қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға қажетті қолдау көрсету осы басқарманың құзырына кіреді.
Қазіргі күнде оқушылар арасындағы буллинг, кәмелет жасына толмағандар арасында туындайтын түрлі оқиғалардың алдын-алу, орын алған жағдайда оның себеп-салдарын зерделеу, білім ошақтарымен байланысты нығайтып, жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізу де басқарманың басты міндеттері болып саналады.
Бүгінде облыстық, 2 қалалық және 10 аудандық комиссия жұмыс істейді. Комиссиялар бекітілген жоспарға сәйкес балалардың құқықтарын қорғау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және профилактикалық есепте тұрған балалармен жұмысты қарастырады. Бүгінгі күнге дейін 2 облыстық комиссияның отырысы өтті. Күн тәртібінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың, жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы әрекеттердің алдын алу және профилактикалық есепте тұрған балалармен жүргізілетін жұмыстар мәселелері қаралды.
Тағы бір атап өтер жайт, көмекке мұқтаж балалар мен отбасыларды дер кезінде анықтау мақсатында «111» байланыс орталығы маңызды рөл атқарады. Білім беру ұйымдарында орталықтың QR-кодтары бар ақпараттық белгілер орналастырылған.
- Биыл облыс бойынша «111» байланыс орталығына 35 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 15-і отбасындағы қолайсыз жағдайларға, зорлық-зомбылық пен балаға күтім жасау мәселелеріне, 12-сі білім беру, буллинг және білім беру ұйымдарындағы құқықтарды қорғауға, 8 өтініш медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетуге қатысты болды. Әрбір өтініш белгіленген тәртіппен қаралып, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қажетті қолдау көрсету бойынша тиісті жұмыстар ұйымдастырылады. Сонымен қатар басқармаға E-өтініш сервисі арқылы 60 өтініш түсті. Оның 10-ы буллингке қатысты. Қарау нәтижесінде 9 өтініш бойынша буллинг фактісі расталмады, ал 1 өтініш бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Біздің басты қағидатымыз – баланың құқығы бұзылғаннан кейін ғана әрекет ету емес, ықтимал тәуекелдерді ерте анықтап, олардың алдын алу, - дейді Абай облысының балалар құқықтарын қорғау басқармасының басшысы А. Мұқатова.
Айжан Дәуітбекқызының айтуынша, балалардың құқықтарын қорғау туралы заңнамаға сәйкес, басқарма қызметкерлеріне балалар орналасқан мемлекеттік органдар мен ұйымдарға мониторинг жүргізу өкілеттіктері берілген. Мониторинг барысында балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуы, қауіпсіздігі, тәрбиеленуі, білім алуы, сондай-ақ көрсетілетін әлеуметтік, медициналық және психологиялық қызметтердің сапасы зерделенеді.
Нақты айтар болсақ, Семей қаласындағы 24 мектеп-интернатта, балаларды оңалту орталықтарында және балалар үйлерінде мониторинг жүргізілді. Анықталған мәселелер бойынша тиісті басқармаларға ұсыныстар беріліп, олардың орындалуы бақылауға алынды. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс көлемінде кезең-кезеңімен жалғасатын болады. Одан өзге Семей қаласындағы 9 колледж жатақханасына мониторинг жүргізілген. Онда жатақханалардың материалдық-техникалық жағдайы, санитариялық талаптардың сақталуы, қауіпсіздік жүйелерінің жұмысы және студенттердің күнделіктің тұрмыстық жағдайлары назарға алынған. Нәтижесінде анықталған мәселелерді шешу бойынша Білім басқармасына ресми хат жолданды.
Қазіргі күнде басқарма мамандары Абай облыстық полиция департаментімен бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша түнгі рейд жүргізуге де қатысуды жолға қойған. Сондай-ақ, төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, көп балалы отбасыларға арнайы барып өрт қауіпсіздігі, пешті дұрыс пайдалану және көмірқышқыл газынан уланудың алдын алу бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізуден де тыс қалмайды.
Балалардың құқықтарын қорғау және отбасы институтын нығайту мақсатында 20–29 қазан аралығында облыс көлемінде бірінші рет «Қамқоршылар күні» ұйымдастырылғаны осы бағыттағы жұмыстың нақты нәтижесі екенін айтуымыз керек.