Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы Марал Қадырдың айтуынша, Мұнайлы ауданының үш тұрғыны облыстық көпбейінді ауруханаға жатқызылған. Ал 9 жас 10 айлық бала облыстық балалар көпбейінді ауруханасының инфекциялық бөліміне түскен, деп хабарлайды kznews.kz.
Алдын ала болжам бойынша, тұрғындардың жағдайының нашарлауына үй жағдайында дайындалған салқын ысталған балық себеп болуы мүмкін. Мәліметке сәйкес, отбасы мүшелері аталған балықты 17 қыркүйекте кешкі сағат 20:00-21:00 аралығында тұтынған. Өнім бұған дейін тоңазытқышта ұзақ уақыт сақталған.
Уланудың алғашқы белгілері келесі күні, яғни 18 қыркүйек кешке байқалған. 19 қыркүйекте науқастар медициналық көмекке жүгінген.
Дәрігерлердің мәліметінше, бастапқыда зардап шеккендердің жүрегі айнып, бірнеше рет құсқан. Кейін олардың жағдайы күрт нашарлаған.
Науқастардан әлсіздік, бас айналу, жұтынудың қиындауы, көру қабілетінің бұзылуы, тамақтың құрғауы мен жыбырлауы, көздің бұлдырауы және заттардың қосарланып көрінуі сияқты белгілер байқалған. Сонымен қатар кейбірінде сана бұзылыстары тіркелген.
Қазір төрт науқас та жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың барлығы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Мамандар пациенттерге детоксикациялық және симптоматикалық ем жүргізіп, ботулизмге қарсы арнайы сарысу енгізген.
Мамандардың алдын ала болжамы бойынша, ауруға үй жағдайында дайындалған және ұзақ уақыт сақталған салқын ысталған балық себеп болуы ықтимал. Оқиғаға қатысты тиісті тексеру жүргізіліп жатыр.