Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Халық кеңесі туралы» заң жобасын таныстыру кезінде бұл құрылым қоғам пікірін талқылап, түрлі ұсынымдар әзірлейтін алаңға айналатынын айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
"Конституциялық заң жобасына сәйкес, Қазақстан Халық Кеңесінің құрылымы мен басқару жүйесі нақты айқындалған. Ең жоғарғы шешім қабылдайтын орган – Сессия болып саналады. Ол негізгі саяси және стратегиялық мәселелерді қарастырып, заң жобаларын ұсыну мен референдум өткізу бастамаларын көтере алады. Сессиялардың аралығында Кеңестің жұмысын үйлестіріп, ағымдағы шешімдерді әзірлейтін орган ретінде Төралқа қызмет етеді.Сонымен қатар, нақты салалар мен бағыттарды терең талқылау үшін тұрақты және уақытша комитеттер, салалық комиссиялар мен жұмыс топтарын құру қарастырылған. Ұйымдастырушылық және талдамалық қолдауды Хатшылық қамтамасыз етеді, ол мемлекеттік орган мәртебесінде жұмыс істейтін болады", - деді ол.
Заң жобасында Қазақстан Халық Кеңесінің құрамын жасақтау тәртібіне айрықша көңіл бөлінген. Құжатқа сәйкес, Кеңеске этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдар мен коммерциялық емес құрылымдардың, сондай-ақ мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдері тең негізде енгізіледі. Осылайша, Кеңестің жалпы құрамы 42 мүшеден тұрып, аталған топтардың ұсыныстары арқылы тең дәрежеде қалыптастырылады. Мұндай тәсіл әртүрлі қоғамдық мүдделерді ескеріп, ортақ келісімге келуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге мүшелікке қойылатын талаптар да нақтыланған. Олардың қатарында қоғамдық саладағы тәжірибе, адалдық қағидаларын сақтау және мүдделер қақтығысын болдырмау шаралары бар.
Кеңес мүшелерінің өкілеттік мерзімі төрт жыл деп белгілеу ұсынылған. Ал Кеңес Төрағасы Сессияда төрт жыл мерзімге, Президенттің ұсынуы және мүшелердің кемінде үштен бірінің бастамасымен сайланады.
Сонымен қатар бір тұлғаның Кеңес төрағасы қызметіне екі реттен артық сайлануына шектеу қойылады.
Бірлескен отырыста депутаттар «Қазақстан Халық Кеңесі туралы», «Астана мәртебесі туралы» және «Әкімшілік-аумақтық құрылым туралы» конституциялық заң жобаларын бірінші оқылымда қарап жатыр.