Әлем

Ұстазы 100 рет отырып-тұр деп талап қойған: оқушы ауруханада көз жұмды (ВИДЕО)

Ұстазы 100 рет отырып-тұр деп талап қойған: оқушы ауруханада көз жұмды (ВИДЕО)
Фото: ашық дереккөзден алынды

Үндістанның Махараштра штатында мектеп оқушысы қатаң жаза салдарынан көз жұмды. Жергілікті БАҚ дерегінше, қыз мектепке кешіккені үшін мұғалім 100 рет отырып-тұру жазасын берген. Оның үстіне оқушы бұл жаттығуды мектеп сөмкесін шешпей орындауға мәжбүр болған.

Жазадан кейін қыздың жағдайы нашарлап, дене қызуы көтеріліп, өзін әлсіз сезіне бастаған. Бірнеше күннен соң отбасы оны Мумбаидағы әйгілі Джей Джей ауруханасына жеткізген. Дәрігерлер барлық мүмкін көмекті көрсеткенімен, оқушы есін жимастан қайтыс болды.

Алдын ала жасалған сот-медициналық сараптама қызда анемия болғанын анықтады. Бұл оның денсаулығы бастапқыда әлсірегенін көрсетіп, қоғамда: «Қатаң жаза оның жағдайын одан әрі қиындап, өлімге әкелген бе?» деген сауал тудырды.

Махараштра билігі оқиғаға қатысты тергеу бастап, мұғалімнің іс-әрекеті заңға сай ма, әлде қылмыстық жауапкершілікке жата ма — осыны анықтап жатыр.

Оқиға Үндістанда үлкен қоғамдық толқуға себеп болды. Әлеуметтік желі қолданушылары мен құқық қорғаушылар мектептердегі дене жазасына тыйым салу мәселесін қайта көтеріп, мұғалімдердің жауапкершілігін күшейтуді талап етуде.

Қыздың отбасы әділдік орнауын сұрап отыр.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz