KZNEWS.KZ
Қоғам

Үш жасар қызын мәйіттің жанында қалдырған: Атырауда әйелін өлтірген ер адам сотта марқұмның өзін кінәлады

• Айгерім Асылова
фото: ашық дереккөз

Атырауда азаматтық некедегі әйелін 28 жерінен пышақтап өлтірді деп айыпталған ер адамның ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Сотталушы жасаған әрекетіне өкінетінін айтты. Десе де қылмысқа әйелінің өзі себеп болғанын алға тартты. Ал марқұмның туыстары сотталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап етіп отыр, деп хабарлайды kznews.kz КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қайғылы жағдайға ерлі-зайыптының небәрі үш жастағы қызы куә болған. Ең сорақысы, әкесі кішкентай баланы қанға боялған анасының жанында қалдырып кеткен. Сәби бір тәуліктен астам уақыт бойы марқұмның денесімен бірге жалғыз қалған.

Сот отырысында сарапшы марқұмның денесіндегі жарақаттардың сипаты мен қылмыстың мән-жайын баяндады. Оның айтуынша, пышақ әйелдің кеңірдегіне дейін жеткен. Денесінде көптеген жарақат болған. Марқұмның көзі ашық күйде қалған. Сараптама нәтижелері оның алған жарақаттары өте ауыр болғанын көрсетті.

Судья сотталушыдан мұндай қатыгездікке не себеп болғанын сұрады. Алайда ер адам жауапкершілікті мойнына алудың орнына, әйелін кінәлады. Оның сөзінше, оқиға болған түні ұйықтап жатқанда жұбайы өзіне пышақпен ұмтылған. Отбасындағы жанжалдарға ақша, алимент пен несие мәселелері себеп болғанын айтты.

Сотталушы әйеліне қарсы күш қолданғанын оның әрекетімен түсіндіруге тырысты. Бұл ұстанымды ер адамның анасы да қолдаған. Дегенмен судьяны да, сотқа қатысушыларды да мазалаған басты сұраққа ол жауап бере алмады. Демек үш жасар қызын неге қаза тапқан анасының қасында қалдырып кеткенін түсіндірмеді.

“Сізден әлі күнге дейін нақты жауап ала алмай отырмыз. Бәрімізді мазалайтын бір сұрақ бар. Балаңызды неге тастап кеттіңіз? Оның үстіне Алмагүлдің көзі ашық қалғанын көріп тұрсыз. Бұл оның кенеттен көз жұмғанын көрсетеді. Неге үш жасар қызыңызды анасының мәйітінің жанында қалдырдыңыз?”, – деп сұрады судья Зарема Хамидуллина. 

Сотталушы судьяның, қорғаушылар мен мемлекеттік айыптаушының сауалдарына мардымды жауап бермеді. Ал марқұмның анасы күйеу баласының сотта қызына жала жауып отырғанына наразылығын білдірді. Оның айтуынша, сотталушы өз кінәсін мойындамай, жауапкершіліктен жалтаруға тырысып отыр.

“Өлген адамға бәрін жауып тұр. "Өлген адам сөйлей алмайды" деп ойлайды ғой. Өзінің басын алып қашып отыр. Ол тіпті баланы да ойлап тұрған жоқ. Ал бала өліп қалса, не болар еді?! Қызымды ит талағандай етіп, аяусыздықпен өлтірген”, – деді жәбірленушінің анасы Қатима Шымырова. 

Марқұмның туыстары сотталушыға барынша қатаң жаза тағайындауды сұрап отыр. Олар Ерсінбек Жұмағалиевтің өмір бойына бас бостандығынан айырылуын талап етеді.

Айта кетейік, марқұм Алмагүл Шымырова 37 жаста болған. Ол төрт баланың анасы. Әйел мен сотталушы Ерсінбек Жұмағалиев азаматтық некеде алты жыл бірге тұрған.

Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысында 42 жастағы әйел өз пәтерінде айуандықпен өлтірілгені туралы жазған едік. Негізгі күдікті – оның азаматтық некедегі жұбайы. Ең сорақысы, бұл қылмыстың куәсі олардың үш жастағы қызы болған.

Айгерім Асылова
Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →