KZNews.kz
Қоғам

Үш жасар Зеренің өлімі: анестезиологқа 4 жыл сұралды

Торғын Абушахман

Астанада стоматологиялық клиникада 3,5 жастағы Зере Есентайдың өліміне қатысты іс бойынша соттағы жарыссөз кезеңі басталды. Мемлекеттік айыптаушы анестезиолог Аида Жұмағалиеваға 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады, деп хабарлайды kznews.kz.

Прокурор оны ҚР ҚК 317-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 3 жылға медициналық қызметпен айналысу құқығынан айыруды да талап етті. Сонымен қатар Конституция күніне орай жарияланған амнистияны қолдану ұсынылды.

Тергеу деректеріне сәйкес, 2021 жылы туған Зере Есентай стоматологиялық ем кезінде 4,5 сағат наркозда болып, қайтыс болған. Сарапшылар баланың әлсірегенін және операцияға қарсы көрсетілімдер болғанын мәлімдеді.

Іс бойынша айып тек анестезиологқа тағылған. Ал қаза тапқан баланың ата-анасы стоматолог пен клиника басшылығын да жауапқа тартуды талап етіп отыр.

Торғын Абушахман
Торғын Абушахман – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →