Бұл медальмен қызметтік борышын өтеу кезінде ерлік пен батылдық танытқан ішкі істер органдарының қызметкерлері марапатталады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ішкі істер министрлігінде "Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов" ведомстволық медалі бекітілді. Батырға деген құрмет пен алғыстың белгісі ретінде алғашқы медаль оның жары Гүлжамал Тәжиеваға табысталды, деп хабарлайды kznews.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ғазиз Байтасов - Қазақстан тарихында "Халық Қаһарманы" атағын алған тұңғыш полицей. Ол өз өмірін қиып, қарулы лаңкесті тоқтатты, бейбіт тұрғындарды ажалдан арашалап қалды.
2011 жылғы 12 қарашада Таразда лаңкес Мақсат Қариев оқ атып, бейбіт тұрғындардың өміріне қауіп төндірді. Полиция капитаны Ғазиз Байтасов оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жетіп, қылмыскермен қарулы қақтығысқа түсті. Ауыр жараланса да, күресін тоқтатпады. Лаңкестің қолындағы гранатаны көрген Байтасов маңайдағы адамдарды қорғау үшін оған қарай ұмтылды. Граната жарылысынан соңғы сәтіне дейін қызметтік борышына адал болған полицей қаза тапты. Ол небәрі 40 жаста еді.
Ғазиз Байтасовтың ерлігі батылдықтың, антқа адалдықтың және Қазақстан халқына қалтқысыз қызмет етудің нышанына айналды. Оның есімі елдің ішкі істер органдарының тарихында мәңгі қалды. Өмір жолы полиция қызметкерлерінің кейінгі буынына үлгі болып келеді.