Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровқа террористік әрекетке жәрдемдесу бойынша айып тағылып, халықаралық іздеу жарияланды. Бұл туралы сәрсенбі күні Ресей Федерациясы Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФҚК) Қоғамдық байланыс орталығы мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
ФҚК мәліметінше, Дуровқа Ресей Қылмыстық кодексінің 205.1-бабының 1.1-бөлігі («Террористік әрекетке жәрдемдесу») бойынша айып тағылған.
Ведомствоның мәлімдеуінше, Telegram платформасында Украина арнайы қызметтері, сондай-ақ Ресей террористік және экстремистік деп таныған ұйымдар пайдаланады деп есептелетін арналар, чаттар мен боттар жұмысын жалғастырып келеді. ФҚК олардың диверсия, террорлық шабуылдар, жаппай адам өлтіру және кибералаяқтық әрекеттерін ұйымдастыру үшін қолданылғанын алға тартып отыр.
Сондай-ақ арнайы қызмет Telegram-дағы «Дайвинчик/Leo» чат-боты ресейлік азаматтарды «алдау және психологиялық ықпал ету арқылы» диверсиялық және террористік әрекеттерге тарту құралы ретінде пайдаланылғанын мәлімдеді. Ведомствоның дерегінше, бұл ботты Роскомнадзор 2025 жылы тыйым салынған интернет-ресурстар тізіміне енгізген.
ФҚК Telegram әкімшілігінің мұндай ресурстарды бұғаттаудан бас тартуы Павел Дуровқа айып тағуға негіз болғанын атап өтті.
Бұған дейін Роскомнадзор 2026 жылғы 10 ақпаннан бастап Ресей аумағында Telegram қызметіне қойылған шектеулерді сақтап отырғанын мәлімдеген еді. Ведомство мұны мессенджердің заңсыз деп танылған контентті өшіру туралы талаптарды орындамауымен түсіндірген.
Ресей құқық қорғау органдарының мәліметінше, жыл басынан бері Telegram-ға заңмен тыйым салынған ақпаратты жоймағаны үшін жалпы сомасы 100 миллион рубльден асатын айыппұл салынған.
Материал жарияланған сәтте Павел Дуров та, Telegram компаниясы да Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің мәлімдемесіне қатысты ресми пікір білдірмеген.