Танымал мәдениет қайраткері Қанат Айтбаев бас қаланы жамандаған ресейлік блогерге ашуланды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ресейлік блогер Илья Варламов Астана қаласының өте жайсыз екенін айтқан еді.
“Астана – нашар қала. Бұл қалада өмір сүру өте жайсыз. Урбанистика жағынан жағдайы мүшкіл. Серуендеуге де қолайсыз. Астананың көлеңкелі тұстары туралы көп жаздым. Маған ұнамайды. Астанаға тек шаруа бойынша ғана келемін", – деген еді ресейлік блогер.
Блогердің бұл сөзі Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаевтың шамына тиіп, қазақ тілінде пікір жазды.
“Сенің пікірің керек еді бізге. Астана – өте көркем, әсем қала. Ұнамаса келме. "Асын ішіп, аяғына түкіру" дейді мұндайды", – деп жазды Қанат Айтбаев.