Бүгін Жезқазған және Сәтбаев қалаларында 320 орындық жаңа балабақшалар ашылып, аймақтағы мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру бағытында маңызды қадам жасалды. Бұл балабақшалар заманауи стандарттарға сай жабдықталған және балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада тәрбиеленуіне мүмкіндік береді.

Ашылу салтанатына Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, облыстық мәслихаттың төрағасы Бауыржан Шыңғысов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Жолдыбаев және ұстаздар мен ата-аналар қатысты. Өңір басшысы атқарылып жатқан игі жұмыстарды ұлы академиктің 125 жылдығында орын алған сәтті қадамдардың бірі екенін атап өтті.
Сонымен қатар кеншілер қаласында көптен күткен Оқушылар сарайының ашылу салтанаты өтті. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған орталықта қазірдің өзінде 1000-нан астам оқушы үйірмеге жазылған. Бұл сарай балалардың ғылым, өнер, спорт және заманауи технологияларды меңгеруіне жол ашатын жаңа мүмкіндіктерді ұсынады.

