Ұлыбритания қорғаныс министрі Джон Хили отырған Корольдік әуе күштерінің ұшағы Ресей шекарасына жақын маңда GPS сигналын жоғалтқан. Осыған байланысты экипаж үш сағатқа созылған ұшу кезінде балама навигациялық жүйені пайдалануға мәжбүр болды, деп хабарлайды kznews.kz.
Британдық Press Association агенттігінің мәліметінше, оқиға Джон Хили Эстониядағы британ әскерилерімен кездесуден кейін елге қайтып бара жатқан кезде болған. Бұл туралы алғашқылардың бірі болып The Times басылымы хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, ұшақтың GPS сигналы Ресей шекарасына жақын жерде бұғатталған болуы мүмкін. Британдық БАҚ бұл жағдайдың артында Ресей тұруы ықтимал екенін жазды. Алайда Ресей тарапы бұл мәліметке қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.
Хабарланғандай, GPS жүйесі ұшу барысында қолжетімсіз болған. Сондықтан ұшқыштар басқа навигациялық құралдарға сүйенген. Дегенмен Британия қорғаныс министрі мінген ұшақтың әдейі нысанаға алынған-алынбағаны белгісіз.
The Times дерегінше, ұшақтың бағыты әуе кемелерін бақылауға арналған сайттарда көрініп тұрған. Бортта министрден бөлек фотографтар мен журналист те болған.
Жолаушыларға Dassault Falcon 900LX ұшағының қауіпсіздігіне ешқандай қатер төнбегені айтылған. Ұлыбритания Қорғаныс министрлігіндегі аты-жөнін атамаған дереккөз бұл оқиғаны "Ресей тарапынан жасалған абайсыз араласу" деп бағалаған.
Оның айтуынша, британдық әуе күштері мұндай жағдайларға қарсы әрекет етуге дайын.