Ұлыбритания қорғаныс министрі Джон Хили мінген Корольдік әуе күштерінің ұшағы Ресей шекарасына жақын маңда GPS сигналынан айырылған. Осыған байланысты экипаж үш сағатқа созылған ұшу кезінде балама навигациялық жүйені қолдануға мәжбүр болған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Британдық БАҚ-тың мәліметінше, оқиға Джон Хили Эстонияда орналасқан британ әскерилерімен кездесіп, елге қайтып бара жатқан кезде болған. Бұл туралы алғаш болып The Times басылымы жазды. Кейін ақпаратты Sky News және The Guardian сияқты басылымдар да таратты.
Хабарланғандай, ұшақ Ресей шекарасына жақын аймақтан өткен кезде GPS сигналы бұғатталған болуы мүмкін. Бірқатар британдық ақпарат құралдары бұл электронды кедергінің артында Ресей тұруы ықтимал екенін жазды. Алайда Мәскеу әзірге бұл мәліметке қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
GPS жүйесі ұшу бойы қолжетімсіз болғандықтан, ұшқыштар басқа навигациялық жүйеге сүйенген. Дегенмен ұшақтың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төнбегені айтылды. Борттағы жолаушыларға жағдай бақылауда екені хабарланған.
Ұшақта Джон Хилиден бөлек, оның кеңесшілері, фотографтар мен журналистер де болған. The Times дерегінше, Dassault Falcon 900LX ұшағының бағыты әуе кемелерін бақылауға арналған ашық сайттарда көрініп тұрған. Сондықтан Британия қорғаныс министрінің арнайы нысанаға алынған-алынбағаны әзірге белгісіз.
Ұлыбритания Қорғаныс министрлігіндегі аты-жөнін атамаған дереккөз бұл жағдайды “Ресей тарапынан жасалған абайсыз араласу” деп бағалаған. Оның айтуынша, британдық әуе күштері мұндай электронды кедергілерге қарсы әрекет етуге дайын.
Бұл оқиға Ресей мен Батыс арасындағы әскери-саяси шиеленіс күшейген кезеңде тіркеліп отыр. Бұған дейін де Ресей шекарасына жақын әуе кеңістігінде GPS сигналын бұғаттау жағдайлары болғаны хабарланған.