Еліміздің энергетикалық жүйесіне ұзақ жылдар бойы лайықты көңіл бөлінбей келгенін мойындауымыз керек. Әсіресе, жылу электр орталықтарына түсетін жоғары жүктеме мен инженерлік инфрақұрылымның айтарлықтай тозуы мемлекеттік қауіпсіздікке қатер төндіретін деңгейге дейін жеткені жасырын емес.
Дегенмен, қол қусырып қарап отыруға болмайды. Үкімет бұл мәселеге келгенде ұзақ ойланған жоқ. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, еліміз энергетика және коммуналдық секторларды кешенді жаңғыртуға кірісті.
Осылайша еліміздегі энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртудың Ұлттық жобасы жасалды. Бұл жоба тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі бағдарламалардың бірі болып отыр. Биыл оны іске асыруға 1 трлн теңгеден астам қаржы бағытталады. Бұл қаражат жылу және электр желілерін, су құбыры инфрақұрылымын реконструкциялауға, сондай-ақ жылу көздерінің жабдықтарын жаңартуға жұмсалады.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың энергетика және коммуналдық секторлардағы қазіргі өзгерістерді тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды реформа деп атауы орынды. Бұл - елдің инфрақұрылымдық қаңқасын жүйелі түрде жаңарту деген сөз. Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысын оң бағалаймын. Сенімді инфрақұрылым жаңа өндірістерді іске қосуға, тұрғын үй құрылысына және инвестициялық тартымдылыққа тікелей әсер етеді. Еркін қуаты жоқ, желілері тозған және апат қаупі жоғары өңірге бизнес инвестиция салмайды. Ең бастысы, бағдарлама жоспар деңгейінен нақты жұмыстарға көшіп жатыр, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі, «Атамекен» ҰКП басқарма директоры Жақып Хайрушев.
Ұлттық жобаны іске асырудың алғашқы нәтижелері де бар. 8 коммуналдық кәсіпорын мен табиғи монополия субъектісі сын-қатері жоғары "қызыл" аймақтан шығарылды. Жыл соңына дейін тағы 8 нысанды бұл санаттан шығару жоспарланып отыр.
Биыл еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын қаржыландыру көлемі екі есеге артты. Жобаларды жүзеге асыруға жеке және шетелдік инвестициялар тартылды. Осы жылға мақұлданған қарыз қаражатының жалпы көлемі 625 млрд теңгені құрайды.
Өткен жылы 6,6 мың шақырым инженерлік желі жөндеуден өткізілсе, жыл соңына дейін тағы 12 мың шақырым желіні жаңарту көзделген.
Сонымен қатар шамамен 1,9 мың шақырым сумен жабдықтау және су бұру желісін реконструкциялау, сондай-ақ кәріз-тазарту құрылыстарын жаңғырту бойынша 45 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов жаңғырту қарқынын жеделдетіп, бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Ол үшін келісімшарттар мен оффтейк-келісімдерді уақытылы жасасу, мемлекеттік сараптамадан өтуді жеделдету және жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау қажет.
Сонымен қатар коммуналдық шаруашылық саласында жаңа өндірістер ашып, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын арттыру және ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз ететін цифрлық құралдарды енгізу маңызды.
- Ұлттық жобаның мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізуге және көзделген барлық іс-шараның уақытылы орындалуына әр басшы жеке жауап береді. Қолда бар барлық ресурсты жұмылдыру қажет. 2027 жылы жобаларды толыққанды іске асыру үшін дайындық жұмыстарын қазірден бастауымыз керек. Барлық өңір әкімдіктері 1 қыркүйекке дейін 2027 жылға жоспарланған жобалар бойынша тиісті өтінімдерді Ұлттық жобаның электронды платформасына енгізіп, оларды мүдделі тараптармен келісуді қамтамасыз етуі тиіс. Барлық конкурстық рәсімдер 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін аяқталуы қажет, – деді өз сөзінде Олжас Бектенов.
Бағдарламаның маңызды артықшылықтарының бірі отандық өнеркәсіпті қолдау болып отыр. Яғни, жобаны іске асыру қазақстандық құрылыс материалдарына, жабдықтар мен құрамдас бөлшектерге деген сұранысты арттырады.
Болжам бойынша, 2026-2027 жылдары Ұлттық жобаны жүзеге асыру үшін құрылыс материалдары мен жабдықтарға деген қажеттілік 900 млрд теңгеден асады. Бұл көлемнің едәуір бөлігін отандық тауар өндірушілер қамтамасыз ете алады.
- Ұлттық жобаны жүзеге асырудағы басым бағыттардың бірі отандық тауар өндірушілерді қолдау екені сөзсіз. Бұл Премьер-Министрдің тікелей тапсырмасы. Үкімет басшысы деңгейінде қаралып отырған нақты міндеттер жобаны іске асыруды одан әрі жеделдетуге және оған қазақстандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді кеңінен тартуға мүмкіндік береді. Ұлттық жоба – отандық тауар өндірушілер үшін үлкен мүмкіндік және бүкіл экономикаға мультипликативтік әсер беретін тетік. Жалақы, салық және жаңа инвестициялар түріндегі қосылған құн ел ішінде қалады,– дейді тақырыпқа орай Қазақстан энергетикалық жөндеу, жобалау, инжинирингтік компаниялар және энергетикалық жабдық өндірушілері қауымдастығының төрағасы Сергей Агафонов.
Жалпы, 2029 жылға дейін Қазақстанда инженерлік инфрақұрылымның орташа тозу деңгейін 40 пайызға дейін төмендету және нысандардағы апаттылықты 25 пайызға қысқарту жоспарланып отыр.
Яғни, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына 13 трлн теңге инвестиция салу көзделген. Оның ішінде 6,8 трлн теңге коммуналдық секторға, 6,2 трлн теңге энергетиканы дамытуға бағытталады.
Жоба аясында 84 мың шақырым инженерлік желіні жөндеу және жаңғырту, 27 генерация нысанын салу және жаңғырту, сондай-ақ 70 коммуналдық кәсіпорынды дағдарыстық аймақтан шығару қарастырылған.
Тоқетерін айтқанда, ендігі негізгі міндет жаңғырту жұмыстарының жоғары қарқыны мен сапасын сақтау. Бұл талаптар толық орындалған жағдайда Ұлттық жоба тек инфрақұрылымды жаңарту бағдарламасы ғана емес, ел экономикасын дамытудың маңызды құралдарының біріне айналуы мүмкін.