Сенат спикері қызметінен кеткен Мәулен Әшімбаев жаңа халықаралық міндет атқаратынын мәлімдеді. Ол 2027 жылғы Шейх Заид атындағы "Адамзат бауырластығы үшін" халықаралық сыйлығының қазылар алқасының құрамына енген. Бұл туралы Әшімбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Оның айтуынша, қазылар алқасына қосылуға әл-Азһардың Бас имамы Ахмед ат-Тайеб шақырған.
"Бүгінде халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі – бейбітшілік пен келісімді сақтау, сондай-ақ түрлі мәдениет, дін және халықтар арасындағы диалогты дамыту. Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап осы бағытта белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін еліміз көптеген мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен тығыз байланыс орнатқан.
Әлемде бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі – Адамзат бауырластығы идеясы. Бұл бастаманы 2019 жылы Абу-Дабиде марқұм Рим Папасы Франциск пен әл-Азһардың Бас имамы Ахмед ат-Тайеб көтерген. Бүгінде бұл бастама көптеген мемлекет, халықаралық ұйымдар мен танымал тұлғалар қолдайтын халықаралық қозғалысқа айналды", – деп жазды ол.
Шейх Заид атындағы "Адамзат бауырластығы үшін" сыйлығы бейбітшілік, диалог және өзара түсіністікті ілгерілетуге үлес қосқан тұлғалар мен ұйымдарды марапаттауға арналған. Сыйлық иелерін жыл сайын халықаралық сарапшылардан құралған тәуелсіз қазылар алқасы анықтайды.
2027 жылғы қазылар алқасының құрамында Мәулен Әшімбаевпен бірге Португалияның бұрынғы президенті Марселу Ребелу де Соуза мен Ирактың экс-президенті Бархам Салех те бар екені хабарланған.