Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында жоғары білімді мамандарды даярлау мәселесін талқылау барысында университеттердің ұлттық рейтингі жарияланатынын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Министрдің айтуынша, бірнеше жыл бұрын сапасыз жоғары оқу орындарын қысқарту жұмысы басталған және бұл бағыттағы шаралар әлі де жалғасып жатыр.
"Ақтөбе, Шымкент және Атырау қалаларында сапасыз білім берген бірқатар ЖОО-лардың лицензиясы қайтарылды. Сонымен қатар, биылдан бастап бұл салаға қатысты талаптар заңнамаға енгізілген. Университеттердің ұлттық рейтингі осы жылдан бастап енгізіліп, алғаш рет жарияланады. Ал өткен жылы бұл жоба пилоттық режимде жүзеге асырылған", - деді депутаттар сауалына жауап берген Саясат Нұрбек.
Министрдің сөзінше, енгізіліп жатқан өзгерістер жекеменшік жоғары оқу орындары арасында алаңдаушылық туғызып отыр.Енді мемлекеттік гранттар мен тапсырыстар ұлттық рейтинг нәтижелерімен байланыстырылады.
"Рейтингке енбеген, халықаралық стандарттарға сай жұмыс істемейтін, инвестиция тартпайтын және зерттеу инфрақұрылымын дамытпайтын университеттер мемлекеттік қаржыландырудан толықтай қағылады.Осылайша білім беру саласына біртіндеп нарықтық тетіктер енгізіледі. Ал рейтинг қорытындылары ата-аналар мен талапкерлер үшін ашық түрде жарияланып, кеңінен қолжетімді болады", - деді ол.