Берік Шолпанқұлов Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі төрағасының орынбасары лауазымынан босатылды. Ақорданың мәліметінше, ол қызметтен өз еркімен кету туралы өтініш берген. Түйткілді жайт – бұған дейін Шолпанқұлов Президент айтқан 7 трлн теңгелік транзакциялар заңсыз ақша шығару екенін бірден білдірмейді деп, оны “жалпы айналым” болуы мүмкін деген еді, деп хабарлайды kznews.kz.
Ақорданың ресми хабарламасында:
“Мемлекет басшысының өкімімен Берік Шолпанқұлұлы Шолпанқұлов берген өтінішіне сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі төрағасының орынбасары лауазымынан босатылды”, – делінген.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы банктердің бірі арқылы 7 трлн теңгеден астам қаражаттың “аударылғанын” айтып, тиісті органдарға тексеруді тапсырған болатын. Осы мәлімдемеден кейін Берік Шолпанқұлов бұл көрсеткіштің міндетті түрде заңсыз қаржы шығарумен байланысты еместігін, кей жағдайда операциялар көлемі “жиынтық айналым” ретінде есептелетінін алға тартты. Ол тіпті екі адамның күн сайын бір-біріне аз мөлшерде ақша аударуының өзі уақыт өте “қомақты сома” болып көрінуі мүмкін екенін мысалға келтірген.
Оның айтуынша, тексеріс барысында қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк тарапынан бақылау жалғасқанымен, сол сәтте “елеулі құқықбұзушылық белгілері” анықталмағаны да айтылды.