Мемлекет басшысының Жарлығымен бұған дейін Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарған Әсел Жанасова Премьер-министрдің орынбасары – Көлік министрі қызметіне тағайындалды. Ал аталған ведомствоны басқарған Нұрлан Сауранбаев қызметінен босатылды.
Әсел Жанасованың еңбек жолында цифрлық технологиялар, қаржы және мемлекеттік басқару салалары басым. Ол Ұлттық банкте, "Зерде" холдингінде, Астана халықаралық қаржы орталығында басшылық қызметтер атқарған. 2022 - 2025 жылдары "Қазпошта" АҚ басқарма төрағасы болды.
Сарапшылар бұл кадрлық шешім көлік және логистика саласының Үкіметтегі саяси салмағы артып келе жатқанын көрсетеді деп пайымдайды. Яғни, еліміз үшін транзиттік әлеуетті дамыту, халықаралық дәліздерді кеңейту және көлік инфрақұрылымын жаңғырту экономиканың стратегиялық бағыттарына айналды.
Демек, Көлік министріне вице-премьерлік мәртебе беру осы саладағы ауқымды жобаларды үйлестіру мен ведомствоаралық шешімдер қабылдауға қосымша мүмкіндік береді.
Ендігі басты талап берілген өкілеттіктің нақты нәтижеге айналуына байланысты қойылмақшы. Сондай-ақ, жолдардың сапасы, теміржолдардың өткізу қабілеті, транзиттік тасымал көлемі және инфрақұрылымдық жобалардың тиімділігі де жаңа министр - Әсел Жанасованың жұмыс тәсіліндегі негізгі көрсеткіштер болмақ.