Актриса Жанель Мақажан әлеуметтік желідегі оқырманының сұрағына жауап беріп, бұрынғы күйеуімен екі жаққа кетуіне не себеп болғанын ашық айтты. Өнер иесі отбасылық өмірінде жолдасының туыстарымен арадағы түсініспеушілік, қолдаудың болмауы және сатқындық секілді жағдайлар болғанын жеткізді, деп хабарлайды kznews.kz.
Актрисаның сөзінше, бұрынғы жолдасы отбасын сыртқы ықпалдан қорғай алмаған. Оның айтуынша, күйеуі анасының, достары мен айналасындағы өзге адамдардың пікіріне көбірек құлақ асып, әйелі мен балаларының жағдайын екінші орынға қойған.
«Күйеуің сені, бала-шағаңды өз туыстарына талатып отырса, өз отбасын шын мәнінде қорғамаса, шешесінің, жанындағы психологтарының, достарының айтқанына еріп, саған талағын беріп, отбасын тастап кетсе… Бірақ ел алдында керемет әке, жардың бейнесінде жүрсе – қиын екен», – деп жазды Жанель Мақажан.
Актриса мұндай жағдайдың әйел адамның денсаулығы мен психологиялық жағдайына да әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, ер адамның өз отбасын құрып, ата-анасынан дербес шешім қабылдай алмауы да үлкен мәселеге айналуы мүмкін.
«Денсаулығыңның қалай нашарлап бара жатқанын да байқамай қалады екенсің. Шешесінен сепарация жоқ, өзіңе қарсы шығып, шешесімен бірге сені өз үйіңнен қуса, ол да оңай емес», – деді ол.
Жанель Мақажан отбасының берекесін сақтап қалу үшін өзі барынша күш салғанын да жасырмады. Оның айтуынша, әйел адам қарым-қатынас үшін уақытын, энергиясын және қаржысын жұмсап, бәрін түзетуге тырысқанымен, мұндай әрекет екі тараптан да болуы қажет.
«Біз, әйелдер, сенеміз ғой, барымызды береміз: энергиямызды, ақшамызды, мотивациямызды. Екі дүниенің бақытын бірге көреміз деп барыңды саласың. Сол жерде ақымақ болғаныңды түсінесің. “Бәрі керемет болады” деген аңғал үмітпен жүресің», – деп жазды актриса.
Сонымен қатар өнер иесі бұрынғы күйеуінің опасыздық жасағанын да айтып, сатқындықтың өзіне ауыр тигенін жеткізді.
«Одан қалды сені алдап, опасыздық жасаса, сатқындық жаныңды қатты ауыртады екен», – деді Жанель Мақажан.