Дикий Арман лақап атымен танылған Арман Жұмагелдиевтің екінші әйелі Айкөл Аликжанова жеке өміріне қатысты бірқатар жайтты айтып, жолдасымен не себепті ажырасып кеткенін түсіндірді. Дизайнер бұл шешімнің өз бастамасы болмағанын жеткізді, деп хабарлайды kznews.kz.
Айкөл Аликжанова YouTube арналардың біріне берген сұхбатында Арман Жұмагелдиев қамауға алынғаннан кейін оны тастап кету туралы ой болмағанын айтты. Оның сөзінше, жолдасының басына қиындық түскен кезде жанынан табылуға тырысқан.
Алайда кейін ерлі-зайыптылардың жолы екіге айырылған. Айкөлдің айтуынша, ажырасу оның қалауымен болмаған.
«Арманның басына іс түскенде тастап кетуді ойлаған жоқпын. Бірақ біз ажырасып кеттік. Бұл менің бастамам емес. 20 жылға сотталу – өте көп уақыт. Біз бәрібір қызымыздың ата-анасы болып қаламыз. Мен болған жағдайдың барлығын қабылдадым. Ол өзі осындай шешім қабылдады. Маған оны қабылдаудан басқа амал қалмады», – деді ол.
Айкөлдің айтуынша, қазіргі таңда бұрынғы күйеуінің өміріне араласуға мүмкіндігі жоқ. Соған қарамастан ол Арман үшін дұға ететінін және қызына әкесі туралы айтып, оның суреттерін көрсетіп отыратынын жеткізді.
«Маған таңдау қалдырмады, қайтар жол да қалмады. Сонда да мен ол үшін дұға етемін. Қызыма үнемі оның суреттерін көрсетіп отырамын», – деді Айкөл.
Сұхбат барысында ол марқұм енесі, Арман Жұмагелдиевтің анасы туралы да жылы естеліктерімен бөлісті. Айкөлдің айтуынша, енесі бір жыл бұрын дүниеден өткен.
Ол Арманның анасына келін ретінде ғана емес, өмірден көп нәрсе көрген мықты тұлға ретінде қарағанын айтты. Арман Жұмагелдиев отбасындағы жалғыз ұл болғандықтан, енесінің келінінен күтер талабы да жоғары болған.
«Енемді жақсы көрдім, сағындым. Бір жыл бұрын дүниеден өтті. Мен ол кісіні тек енем ретінде емес, тұлға ретінде қабылдадым. Көптеген қиындықты мойымай өткерген адам еді», – деді Айкөл.
Оның сөзінше, Арман бұған дейін де ұзақ уақыт бас бостандығынан айырылып, шамамен сегіз жылын абақтыда өткізген. Осы кезеңдердің барлығында анасы қиындыққа қарамастан ұлына қолдау көрсеткен.
Айкөл енесінің мінезі күрделі болғанын да жасырмады. Дегенмен ол оның барлық қырын қабылдап, келін мен ене арасындағы қарым-қатынастан бөлек, анасы мен қызы секілді жақын болуға тырысқанын айтты.
«Ол кісінің мінезі мықты әрі қиын еді. Кез келген адам тіл табыса алмайтын. Мен ол кісіге қызындай болғым келді. Барлық артықшылығымен де, кемшілігімен де қабылдадым», – деді ол.
Айта кетейік, Айкөл Аликжанова – 2014 жылы «Қырғызстан аруы» атанған дизайнер әрі модель. Қазір кәсіпкерлікпен айналысады.