Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы жары Мөлдір Мұқанова өзіне қатысты айтылған Бақыт Тұрманның мәлімдемелеріне жауап берді, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұған дейін Бақыт Тұрман әлеуметтік желіде Мөлдір Мұқанованың өзін "Әзіл Әлемі" театрының сахнасына шығаруға кедергі келтіргенін, тіпті "шығарсаң, Тұрсынбекпен ажырасып кетемін" деп қорқытқанын айтқан болатын. Алайда Мөлдір Мұқанова бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Мереке Қалбаеваға берген сұхбатында ол "Әзіл Әлем" театрындағы шығармашылық үдерістерді өзі үйлестіргенін атап өтті. Оның айтуынша, театрдың танымал кезеңінде сахнаға тек елге белгілі, кәсіби деңгейі жоғары өнер иелері шақырылған.
"Мен ол кезде әншілермен тікелей өзім жұмыс істедім. Театрдың атағы дүркіреп тұрған уақыт еді. Тұрсынбекке үнемі: "Сенің сахнаңда тек танымал әншілер өнер көрсетуі керек" деп айтатынмын. Мейрамбек, Сәкен ағалар, Ескендір Хасанғалиев, Бибігүл Төлегенова сияқты мықты тұлғалармен жұмыс істедік, оларды әуежайдан өзім қарсы алатынмын", – деді Мөлдір Мұқанова.
Ол Бақыт Тұрманды сахнаға мүлде шығармаған деген пікірмен келіспейтінін айтып, оның "Әзіл Әлемі" сахнасына бірнеше рет шыққанын жеткізді.
"Үш рет сахнаға шығардық. "Егер осы сахнада бағы жанып, халық танып кетсе, шықсын" дедім. Бұл – адамның бағы. Ал "мүлде шығармады" деп айту – жеке өкпе. Егер бағы жанбаса, халық танып, тойларға шақырмаса, ол үшін Тұрсынбек пен Мөлдірге ренжудің қажеті жоқ", – деп түйіндеді ол.